Ұлттық музей мен Ұлттық ұлан ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асырмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - 15 шілде күні Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Ұлттық ұланы арасында өзара әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметінен хабарлады.

Ұлттық музей мен Ұлттық ұлан ғылыми жобаларды бірлесіп  жүзеге асырмақ

Ғасырлар бойғы ата-мұра тарихымыздың алтын қойнауы саналатын Ұлттық музейде өткен маңызды шараға музейдің директоры Дархан Мыңбай және Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов, сондай-ақ екі жақтың қызмет басшылары қатысты.

Шараны ашып, жүргізіп отырған Дархан Мыңбай: «Музей - өткен мен бүгінді, бүгін мен болашақты жалғастырар мәңгілік көпір. Өркениетті елдердің бәрінде дерлік ұлттық музейлер ұлттық мақтаныш, рухани орда болып саналатыны белгілі. Музей ісінің әлемдік талаптарына жауап беретін бірегей нысанның Орта Азияда баламасы жоқ әрі әлем музейлерінің ондығына кіреді. Бұның өзі - мақтаныш етуге боларлық жайт.

Ұлттық музей дүниежүзіндегі басқа музейлерден айрықша сәулетімен де дараланады. Мысалы, Британ музейі, Париждегі Лувр музейі, Ресей музейлері салынып біткеннен кейін біршама уақыттан соң қор сақтайтын қосымша түрлі ғимараттарды тұрғызуға мәжбүр болыпты. Соның салдарынан музейдің жұмысы үшін аса маңызды құрылымдары негізгі ғимараттан тыс жерде қалып қойған. Осындай қателікке ұрынбау үшін Елбасы Ұлттық музейді тұтас кешен ретінде қарастырды. Соңғы 40 жыл төңірегінде ТМД елдерінің бір де біреуінде дәл осындай мәртебеге лайықты арнайы музей ғимараты бой көтермеген екен, тек ыңғайлы ғимараттар мен жайларды музейге айналдырған көрінеді. Өзгелер ғасырлар бойы жүзеге асыра алмаған жоба елімізде санаулы жылдар ішінде сәулет өнерінің керемет туындыларының бірі ретінде ақиқатқа айналды. Ұлттық музейдің бәсі басқа музейлерден осынысымен де биік.

Мемлекет басшысы Ұлттық музейдің ашылу салтанатында қыш кітабына өз қолымен «Рухы биік халықтың іргесі берік!» деп жазды. Шынында да, біз рухы биік, арманы асқақ, мұраты мығым ел ғана Мәңгілік бола алады. Осы елі талай соқтықпалы соқпақсыз ғасыр толқындарында қорғаған батыр бабаларымыздың ерлік дастаны жайлы жәдігерлер де музейіміздің әр залының төрінде орын алған. Отан қорғау, ел үшін от кешу, қызмет ету - өмірдегі ең асқақ борыш, аса құрметті қызмет. Әрине, сол бабаларымыздың жауынгерлік жолын бүгінде жалғап келе жатқан Сіздер - Ұлттық ұланымыздың жауынгерлері еліміздің қауіпсіздігіміздің қалқаны боласыздар. Екіжақты ынтымақтастық жасай отырып, Отан қорғаушы азаматтарымызға асыл тарихымызды тың тұрғыдан таныстырып, рухани баюға азда болса көмегіміз тиіп жатса біз үшін ол зор қуаныш», - деп атап өтті.

Өз кезегінде, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов бұл ғимараттан қазақ жерінің айбынын, Алаштың асқақ рухын баяндайтын бабалардың байырғы құндылығын тамашалауға болады деп, кейінгі жас ұрпақтың өткен тарих тағылымын жан-жақты танып-білуіне үлкен мүмкіндік туып отырғанын, ұлттық рухымызды көтеру жағынан ғана емес, елімізді тарихи тұрғыдан танытуда да айрықша маңызға ие екеніне тоқталды.

 Бас қолбасшы: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы және тапсырмасымен ашылған Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі өткен тарихымызды байыптайтын, рухани мұрамызды зерделейтін және бүгінгі дамуымызды бағамдайтын аса ірі мәдени орталық. Мемлекетіміздің бүгінгі мәртебесі мен мақсатын айқындайтын мәдениет ошағы жоғалғанымызды табу, өшкенімізді жағу және барымызды бағалау ісін атқара отырып, кез келген адамға Қазақстан, оның тарихы, салт-дәстүрі, мәдениеті, діні, ділі, тілі туралы түсінік қалыптастырады. Бұл рухани байлық Отанымызды қорғап жүрген бүгінгі сардар мен жауынгерлерімізге ауадай қажетті дүние. Кешегі жастан Отан үшін от кешер азамат дайындау, оның бойына отансүйгіштік сынды асқақ сезімді құйып, құрыштай мығым ел қорғаушысын тәрбиелеу оңай дүние емес. Жаумен соғыста да ең маңыздысы қолдағы қару емес, алдымен алға шығатыны - елдік сезім. Сондықтан да біз жауынгерлеріміздің бойында елге, жерге деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған тәрбиені ұдайы жүргізуіміз керек. Меморандум шарасы да осы мақсатта жасалып отыр», - деп атап өтті.

Меморандум құжатына қол қойылған соң Ұлттық ұлан әскери қызметшілері музейдің Тәуелсіздік, Ежелгі және орта ғасыр тарихы, Этнография, қазіргі заманғы өнер залдарын аралап көрді.

Сыртқы сымбаты заманауи талғамға сай жасалған Ұлттық музейдің сәні де бөлекше. Еліміздің көк байрағына ұқсас көгілдір шынылар мен ұлттық ою-өрнек бедерленген ақ түсті қабырғалар ерекше көз тартады. Төменде атқылаған субұрқақтан сақ жауынгері атының басын төрт тарапқа бұрып, ел шебін қорғап тұрғандай әсер қалдырады. Кіре берістегі Қазақстан картасы іспетті үлкен медиа-экран еліміздің қалаларына саяхат жасатады. Оның жоғары жағында белгілі қылқалам шебері Ерболат Төлепбайдың бір топ автормен бірігіп салған триптих-полотносында сақ, түркі халықтарынан қазіргі заманғы тарихқа дейінгі «Тағдыр», «Аңырақай», «Жаңарған дала» - қылқалам тілімен бейнеленген шежіре-суреті орналасқан. Биіктегі алып қыран құс қанатын сермеп, дала тынысын, егемен елдің ертеңін паш етеді.

Қорыта айтқанда, екіжақты ықпалдастық құжаты тараптардың ынтымақтаса жұмыс істеуіне, ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыруына, сонымен қатар, бірлескен іс-шаралар өткізуіне мүмкіндік береді.