Ұлттық музейде Аман Мұқажановтың өнер туындыларының көрмесі ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында суретші, қолөнер шебері Аман Мұқажановтың «Дала аңызы» атты сәндік-қолданбалы өнер туындылары көрмесінің ашылу салтанаты өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлттық музейде  Аман Мұқажановтың өнер туындыларының көрмесі ашылды

Көрмеде автордың 200-ден астам қолдан жасалған бұйымдары қойылған.

Олардың қатарында сырға, сақина, білезік, танамоншақ, алқа сынды әшекейлер бар. Көрмеге әшекей бұйымдармен қатар, суретшінің қарым-қабілетінен хабар беретін сурет және графика, инстоляция сияқты сәндік қолданбалы өнер туындылары қойылған.




Аман Мұқажанов 1987 жылы Алматы мемлекеттік театр және көркем сурет институтының сәндік-қолданбалы өнер факультетін тәмамдаған. Қазақстан Республикасы суретшілер Одағының және дизайнерлер Одағының мүшесі. Көптеген халықаралық, республикалық көрме жобаларының қатысушысы. Халықаралық зергерлік өнер көрмелерінің құрмет грамоталары мен бағалы сыйлықтарын иеленген.

Аман Мұқажановты табиғаттың әсемдігі мен адам баласының бойындағы қарапайымдылық секілді қасиеттер қызықтырады. Автор осынау қызығушылығының арқасында өзінің шеберлігін шыңдап, сурет өнерінің жаңа қырларын іздеуде. Қазіргі таңда суретші сәндік өнерде металды қолданудың және өңдеудің жаңа технологияларымен жұмыс істеуде.