Ұлттық музейде «Елін танытқан Елбасы» атты фотокөрме ашылды (ФОТО)

«Біздің көршіміз - Өзбекстан елінің Президенті Ислам Кәрімов Нұрсұлтан Назарбаев туралы: «Өмірде жылдар өте ақыл жинап, данаға айналатын адамдар бар. Ал, менің ойымша, Нұрсұлтан Әбішұлына Алла бала кезінен ерекше ақыл берген», - деп жазады. Ал Түркияның бұрынғы Президенті Абдулла Гүл «Біз Қазақстан Президентін Түркі әлемінің көшбасшысы деп санаймыз» дегені тағы бар. АҚШ Президенті: «Н.Назарбаев - ядролық қауіпсіздік мәселесінде теңесуге ұмтылуға тұратын көшбасшылардың бірі. Вашингтондағы Саммит онсыз өтпес еді»,-деген екен. Менің ойымша, әлем елдері басшыларының осындай пікір білдіруі - Қазақстан халқына берілген зор баға. Осы фотокөрмеге келген адамдар тек Қазақстан тарихын танып қана қоймай, тәуелсіз Қазақстанның тарихын құрметтеуді, бағалауды үйренеді деп ойлаймын. Сондықтан,көрмеге қош келдіңіздер!» - деді көрмені аша отырып, музей директоры Дархан Мыңбай.
Көрменің ашылуына қатысқан қоғам қайраткері Ғарифолла Есім Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың алғашқы сайлауын еске алды.
«Кеңес одағы кезінде Қазақстанның басшысын Мәскеу тағайындады. Одақ ыдыраған соң, біз тәуелсіздік алдық. Бірақ, өз басшысы жоқ, халқы артынан еретін көш бастаушы адамы жоқ мемлекет қалай тәуелсіз болмақ!? Осылайша, 1991 жылы қазақстандықтар тұңғыш рет Елбасын өздері сайлады. 1991 жылдың 1 желтоқсанында өзіміз барып, Нұрсұлтан Әбішұлына дауыс бергеніміз әлі көз алдымызда. Сондықтан да, бұл күн - Тұңғыш Президент күні ретінде тойлануға лайық», - дейді Ғ.Есім.