Ұлттық музейде «Ескерусіз қалған ескерткіштер» атты фотокөрме ашылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде ертең, 27 сәуірде Ескерткіштер мен тарихи орындардың халықаралық күніне орай «Ескерусіз қалған ескерткіштер» атты фотокөрменің ашылуы өтеді, деп хабарлайды Ұлттық музейдің ақпараттық-имидждік қызметі.
Көрменің басты мақсаты - Қазақстан аумағында табиғи, техногендік және адами әсерлерден бұзылып жатқан ескерткіштердің қазіргі жай-күйін көпшілік назарына ұсына отырып, тарихи мұраларға деген қоғам жауапкершілігін арттыру. Сонымен қатар ескерткіштерді қаййта қалпына келтіру бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелерін көрсету.
Фотокөрмеде бұзылып жатқан және қалпына келтірілген ескерткіштердің суреттері төрт топқа жіктелген:
1. «Табиғи апаттан бұзылып жатқан ескерткіштер»;
2. «Техногендік жағдайдан бұзылып жатқан ескерткіштер»;
3. «Адамдардың қолымен бұзылған ескерткіштер»;
4. «Қайта қалпына келтірілген ескерткіштер»;
Көрмеге қойылған фото материалдар «Қазреставрация» РММ, Жамбыл, Қызылорда, Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарының Тарихи-мәдени мұраларды қорғау мемлекеттік мекемелерінен және З. Самашев, М. Елеуов, К. Байпақов, А. Бейсенов, Д. Байтілеу, Ғ. Омаров, А. Нұржанов, А. Оңғар, Е. Оралбай, Е. Ақымбек сынды археолог-ғалымдардың жеке мұрағат қорлары мен ғылыми-көпшілік жарияланымдарынан алынды.