Ұлттық музейде ғылым күніне арналған шара өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Ұлттық музейінде Ғылым қызметкерлері күніне орай дөңгелек үстел өтті.

Ұлттық музейде ғылым күніне арналған шара өтті

«Өздеріңізде білетіндей, бүгін ғылым қызметкерлерінің күні. Бұл 2011 жылы Елбасымыздың Жарлығымен бекітілген мереке және оның 12-ші сәуірге белгіленуі де тегіннен-тегін емес. Өйткені, адам баласының ғарышты игеруі өткен ғасырдың 61 жылының дәл 12-ші сәуіріне дөп келген еді. Мұнан бөлек, ғұлама ғалымымыз Қаныш Иматайұлы Сәтбаевтың да туған күні. Сондықтан Қазақстандағы ғылым қызметкерлері күнімен баршаңызды құттықтаймын»,-  деді дөңгелек үстел отырысын ашқан Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ғылыми-зерттеу жұмысына қорытынды жасалып, даму перспективалары талқыланды. Сонымен қатар, Ұлттық музей қабырғасында музей ғылыми қызметкерлерінің еңбектерінен тұратын кітап көрмесі ашылды.

Айта кетерлігі, дөңгелек үстел отырысына археология, этнография және тарих саласының жетекші ғалымдары, қоғам қайраткерлері, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі өкілдері қатысты.