Ұлттық музейде халықаралық «Арба» көрмесі ашылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада заманауи суретшілердің туындылары қойылған халықаралық көрме ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық музейде халықаралық «Арба» көрмесі ашылды

Нұр-Сұлтан төрінде ашылған «TAMYR» шығармашылық тобының халықаралық «Арба» атты көрмесіне тарих, мәдениет және ұлттық дәстүрден сыр шертетін картиналар қойылған.

«Туындылар әртүрлі болғанымен суретшілердің түпкі ойы бір. Барлығы да шығармасы арқылы мәдениетке деген ерекше ықыласын білдіріп жатыр. Ұлттық дәстүр, тарих және табиғатқа деген сүйіспеншілігін әр суретші барынша көркем етіп жеткізгісі келеді. Суретшінің де діттегені сол - сүйіспеншілік пен сұлулықты түрлі түстер арқылы жеткізу. Ол табиғатқа, жерге, отанға немесе адамға қатысты болуы мүмкін», - деді ҚР Суретшілер одағының мүшесі Сұлтан Иляев.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрмені өткізудегі мақсат – ел тарихы, мәдениеті, әдет-ғұрпы мен дәстүрден хабар беретін суретшілердің туындыларын заманауи форматта таныстыру.

Көрмеге қатысушылардың бірі қырғызстандық суретші Жырғали Матурайымовтың елордаға осымен үшінші рет жолы түсіпті.

Әңгіме барысында ол Нұр-Сұлтанның ерекше қала екенін атап өтті. Суретшінің туындылары Қазақстаннан бөлек Түркия, Қытай, Франция, Иран және Ресей секілді елдерде көрмеге қойылыпты.

«Шараға қатысу үшін Бішкектен арнайы келдім. Қатысушылардың бәрін танимын. 10 жұмыс алып келдім. Туындыларымның жанрын айту қиынға түседі. Бір сөзбен айтқанда суреттерім адам өмірінен хабар береді. Араласу, қарым-қатынас, сыйластық және тағы басқа. Бұл өте маңызды. Пандемияға байланысты сыртқа шығуға кедергі болған, шекаралар ашылып бәрімен қайта жүздесіп жатырмыз», - дейді Ж. Матурайымов.


Мәдени шараға ұйытқы болған «TAMYR» шығармашылық тобында еліміздің жетекші суретшілері бар. Оның құрамына Суретшілер одағы мен КСРО Суретшілер одағының мүшелері кіреді.

Айтуларынша, шығармашылық топтың барлық өкілдері кәсіби білім алған, беделді республикалық және халықаралық форумдар мен семинарлардың, байқаулар мен көрмелердің қатысушылары мен лауреаттары.

Айта кетейік, көрменің ашылу салтанатына мәдениет және қоғам қайраткерлері, танымал суретшілер, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты.