Ұлттық музейде «Қазақтың алғашқы академиялық археологиялық экспедициясына - 70 жыл» атты шара өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде сәуірдің 29 күні «Қазақтың алғашқы академиялық археологиялық экспедициясына - 70 жыл» атты іс-шара өтеді, деп хабарлайды Ұлттық музейдің ақпараттық-имидждік қызметі.
Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы 1946 жылы ҚазССР Ғылым Академиясының президент Қ.Сәтбаевтың бастамасымен ұйымдастырылған болатын. Экспедицияны көп жылдар бойы белгілі энциклопедист-ғалым, академик Ә.Марғұлан басқарды. Көп жылдық жұмыстардың нәтижесінде тас дәуірінен бастап ортағасырлық кезеңдерге тән тарихи маңызы жоғары ескерткіштер зерттелді. Ғылыми еңбектер жарияланды. Сондай-ақ, Орталық Қазақстанда Беғазы-Дәндібай және Тасмола мәдениеттері ашылды.
Іс-шара барысында Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының белгілі жетекшілері мен қатысушыларына арналған көрме ұйымдастырылады. Онда ғалымдардың экспедициялық өмір сәттерінен сыр шертетін сирек фотолар ұсынылады. Сонымен қатар, академик Ә.Марғұланның және К.Ақышевтың сөйлеген сөздері бар бейнежазба көрсетіледі.