Ұлттық музейде қазақтың ұлттық тағамдарын зерттейтін лаборатория ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық музейде қазақтың ұлттық тағамдарын зерттейтін лаборатория ашылады. Бұл туралы бүгін академик Төрегелді Шармановпен кездесу кезінде Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай айтты, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Ұлттық музейде қазақтың ұлттық тағамдарын зерттейтін лаборатория ашылады

Академик Т.Шармановтың айтуынша, музейдегі ұлттық тағамдар экспозициясында жылқы еті мен саумалы жəне қымызы кеңінен насихатталу керек.

«Жылқының саумалы тері ауруларына ем. Осыны білген қазақтар саумал ішіп, тері ауруларымен ауырмаған. Қазақтар көңіл көтеру үшін де қымыз ішкен. Бабына келген қымызда адамға рахат сыйлайтын дəрумендер бар. Тіпті, орыс жазушысы Лев Толстой əйелімен ренжіскен кезде үйінен кетіп қалып, апталап қымыз ішіп жатады екен. Л.Толстой қымыздың жүйкені тыныштандыратын қасиеті бар екенін білген. Осындай деректерді ескере отырып, қымызға ерекше мəн беру керек. Біз қазіргі уақытта саумалдан балмұздақ жасап шығардық. Жастар осы балмұздақты жесе, түрлі экологияық аурулармен ауырмас еді»,- деді Т.Шарманов.
Академиктің сөзіне музей директоры Дархан Мыңбай пікірін білдірді. «Ұлттық музей қазақтың ұлттық тағамдарын зерттейтін болады. Бұл іске Төрегелді Шарманов ағамыз басқарып отырған Тағамтану академиясы кеңесші болады»,- деді Д.Мыңбай.

Айта кетейік, ұлттық тағамдарды зерттеу ісін «Халық қазынасы» институтының директоры Ақан Оңғар ұйымдастырды.