14:45, 14 Наурыз 2016 | GMT +5
Ұлттық музейде Ұлыстың ұлы күніне орай мерекелік іс-шаралар басталды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Ұлыстың ұлы күніне орай бастауыш және орта сынып оқушыларына арналған «Армысың, әз Наурыз!» атты мерекелік іс-шарасы басталды, деп хабарлайды Ұлттық музейдің ақпараттық-имидждік қызметі.

Шара аясында мектеп оқушылары театрландырылған қойылым тамашалады. Аңыз кейіпкерлері Қыдыр ата мен Ұмай ана балаларға бата берді, Алдар көсе мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, әжелерден құралған топ әннен шашу шашты.
Мерекелік жиында қол күресінен, асық атудан, арқан тартудан жарыс өткізіліп, жеңімпаздарға сыйлықтар үлестірілді.
«Армысың, әз Наурыз» мерекелік іс-шарасын өткізудегі басты мақсат - Ұлыстың ұлы күнін тәрбие тетігі ретінде пайдалана отырып, жас ұрпаққа қазақ халқының бай мәдени мұрасын танытуға, салт-дәстүрін құрметтеуге баулу.
Айта кетейік, Ұлттық музейде Ұлыстың ұлы күніне орай балаларға арналған ертеңгіліктер 14-24 наурыз аралығында өтеді.