Ұлттық музейде «Жаңғыртылған жәдігерлер» атты көрме өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде бүгін Халықаралық музей күніне орай «Жаңғыртылған жәдігерлер» атты көрме өтеді, деп хабарлайды Ұлттық музейдің ақпараттық-имидждік қызметі.
Тарихи ескерткіштерді, музейлік құндылықтарды консервациялау және қайта қалпына келтіру (реставрациялау) - кәсіби біліктілікпен қатар, асқан төзімділікті қажет ететін өте күрделі жұмыс әрі музей ісінің айрықша саласы.
Ұлттық музейдің консервациялау және қалпына келтіру қызметі 2014 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Сол уақыттан бері қарай, 500-ден астам құнды жәдігерлер жаңғыртылды. Қызмет мамандары кескіндеме, графика, қыш, киіз және тоқыма бұйымдары, ағаш, тері, сүйек және металдан жасалған мәдени құндылықтарды консервациялау және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді.
Көрмеге қойылған жәдігерлердің ішінен зергерлік бұйымдарды, ағаштан, былғарыдан және металдан жасалған тұрмыстық заттарды; киім, кілем-киіз, қыш және фарфор бұйымдарын да көруге болады. Атап айтсақ, ж.с.д. XIII-XII ғасырларға жататын білезік, XX ғасырдағы астау, үккіштер, Құран Кәрім кітаптары, белгілі суретшілердің картиналары, зергерлік бұйымдар, аяқ қаптар, басқұрлар мен тұскиіздер т.б. бар.