Ұлттық музейге Болған ананың жаңғыртылған бейнесі қойылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық музейде Ұлытау өңірінен әкелінген Болған ананың жаңғыртылған бейнесі және басқа да жәдігерлер қойылған көрме ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі көрме ерекше. Себебі қасиетті Сарыарқа төрінен құнды жәдігерлер әкелінді. Болған ананың жаңғыртылған кейпі біздің музейде. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өтуді бекітті. Бүгінгі көрме сол шараның аясында іске асып отыр. Болған ана дегенде біздің ойымызға алдымен Шыңғыс хан келеді. Тарихтан Шыңғыс хан ұрпақтарының Ұлытауды мекендегенін білеміз. Бүгінгі көрмені ұйымдастыруда үлес қосқан әр азаматқа алғысымды білдіремін», - деді ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы көрменің ашылуында.

Көрмеге алтын тостаған, сырға, ер-тоқым, айна, кездік, жібектен тігілген шапан және тағы басқа құнды заттар қойылған. Және басты жәдігер - Болған ананың жаңғыртылған бейнесі.

Көрмені ұйымдастырушыларының айтуынша, Болған ана кесенесінде археологиялық қазба жұмысы 2018 жылы басталған.

«Мемлекет басшысы Ұлытаудың тарихы мен тағлымын ұрпақ тәрбиесі мен отаншылдық және ішкі туризмді дамыта түсуде оң пайдалану керектігін айтқан еді. Бүгін біз Қарағанды облысы, Ұлытау ауданындағы Болған ана кесенесінен табылған жәдігерлерді көпшілік назарына ұсынып отырмыз. Сондай-ақ, Болған ана бейнесінің жаңғыртылған нұсқасын да әкеліп отырмыз. Біздің мақсат – Алтын Орда дәуірінің тарихын кеңінен насихаттау. Және археологиялық қазба кезінде табылған жәдігерлерді жұртшылық назарына ұсыну», - деді Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов.

Айтулы шараға зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, архив, кітапхана, музей қызметкерлері мен студенттер қатысты.




Соңғы жаңалықтар