«Ұлттық музейге сый тарту» акциясы басталды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ел арасында елеусіз жатқан тарихи маңызы зор құнды заттарды, ұлтымыздың ұлы тұлғаларының жәдігерлерін кәсіби тұрғыда сақтау және көпшілік назарына ұсыну үшін 18 наурыз күні «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы басталды.
Шара барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев сөз сөйлеп, ұлттық тарихи-мәдени мұрамызды сақтау мәселесіне қоғам назарын аударудың маңыздылығына тоқталды, деп хабарлайды «Қазақстан тарихы» порталы.
Ал аталмыш музей директоры Дархан Мыңбай «Ұлттық музейге сый тарту» акциясына қатысушы өзінің коллекциясындағы құнды жәдігерді, ел тарихына қатысты елеулі мұраны немесе елге белгілі тұлғаның қолданған заттарын музейге сақтауға табыстай алатынын атап өтті. Барлық жаңа жәдігерлерге заңдық негізде қабылдап алу шарты жасалып, олар музейдің қорына өткізілетін болады. Акция Б.Әзірбаевтан К.Әзірбаевтың домбыраларын, сылдырмағы мен желпуішін, кемер белдігі мен таспиығын, қаракөл бөрігі мен жайнамазын, Құран кітабы мен шапанын және сүйеніш таяғын қабылдаумен басталды. Олимпиада чемпиондары О.Шишигина жеңіл жеңсіз жейдесін, С.Сәпиев алтын медальдарын, жеңсіз майкасы мен қолтаңбасы қойылған бокс қолғабын, В.Смирнов спорттық бұйымдарын сыйға тартты. «Қадыр Мырза Әлі» қорының директоры Д.Қажымов Қ.Мырзалиевтың жеке заттары мен марапат құжаттарын тапсырды. Ақын Ж. Нәжімеденовтың, спортшы Ж.Үшкемпіровтың, мемлекет қайраткері Ж.Тәшеновтың, композитор Ш.Қалдаяқовтың, Кеңес Одағының батыры Қ.Қайсеновтың жеке заттары да музейге сыйға берілді. Суретші Г.Исмаилованың ұлы В.Сидоркин анасының қылқаламдары мен автолитографиясын және жеке бұйымдарын тапсырды. Суретші А.Қазығұловтың жұмыстары, Ұлы Отан соғысы ардагері, панфиловшы А.Меңдіғалиевтың мүсіні, Меккеге жаяу барған Иман қажының сапары кезінде ұстаған Қазақстан Туы, Х.Абаевтың орындауындағы Мұхтар Әуезовтың портреті, ҚР Әділет министрінің орынбасары Б.Әбдірайым ұсынған ақ металдан жасалған бидің төс белгісі, мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттанушы ғалым Е.Қариннің жеке жинағындағы жебе ұштары Ұлттық музей қорын толықтыра түсті. Сый-тартулар негізінде арнайы көрме ұйымдастырылды. «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы жыл бойы жүргізіліп, биылғы желтоқсан айында қорытындыланатын болады.