Ұлттық пантеонға жерленетіндер ұстанған дініне қарай бөлінбейді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Астана қалалық мәслихатында пантеонға көрнекті тұлғаларды дініне қарай жеке жерлеудің орындылығы мәселесі көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қоғамдық кеңесте депутаттар құзырлы орган өкілдеріне елімізге еңбегі сіңген тұлғаларды пантеонға жерлеу үшін дініне байланысты учаскелерге бөлу қаншалықты орынды екенін сұрады.

Бұған қатысты Астана қаласының отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марсель Ұзақов жауап берді.

«Біз тек тапсырыс берушіміз, адамдарды жерлемейміз. Пантеон - бұл Қазақстанның көрнекті қайраткерлері жерленетін қарапайым зират емес. Сондықтан онда жерленетін тұлғаларды дініне байланысты бөлуге болмайды деп шешім қабылданды. Біздің еліміз зайырлы мемлекет», - деді М.Ұзақов.

Еске салсақ, таяуда Үкімет қаулысының жобасы көпшілік талқылауға шығарылды. Жаңа ережеге сай, енді ұлттық пантеонға ел президенттерінің отбасы мүшелері жерленбейді. Дегенмен мемлекет басшыларының жұбайы мен зайыбын аталған орынға жерлеуге рұқсат етіледі.