Ұлттық спорт ойындарынан Қазақстанның өзінің олимпиадасы болуы керек - Ерғалиев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің ұлттық спорт түрлерін, оның чемпиондарын насихаттау мүлдем жоқ. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде «Дене тәрбиесі және спорт мәселелері бойынша ҚР-дың бірқатар заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі» заң жобасын талқылау барысында сенатор Жабал Ерғалиев осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлттық спорт ол біздің ұлтымыздың коды екендігін естен шығармауға тиіспіз. Мына бір мәселе мені қатты алаңдатады. Өткен жылғы Қазақстанның тоғызқұмалақтан балалар, жасөсіпірімдер, ересектер арасындағы чемпионы кім екендігін білмеймін. Жарнама жоқ. Аударыспақтың чемпионы кім? Білмеймін. Көкпардан қай облыстың командасы чемпион? Оны тағы да білмейміз. Телевизордан көретініміз Тен, Головкин, болды, соларды ғана насихаттау. Елімізде шығып жатқан чемпиондарды неге насихаттамаймыз. Мысалы, ауылдың қара домалақ баласы тоғызқұмалақтан Республика чемпионы болып келеді. Онымен ешкімнің шаруасы жоқ. Ата-анасы ұялғаннан бір шәугім шай береді де сонымен ол чемпион ауылда қалады. Неге оны насихаттамаймыз?» - деді сенатор.
Сонымен қатар ол осыдан 5-6 жыл бұрын Қазақстан футболшылары Иорданияға барғанда сол жақта тұрып жатқан қазақ отбасылары ұлттық құрамамыздың сапында «Ассалаумағалейкум» деп амандасар отандасының болмағандығына қапа болғандықтарын атап өтті.
«Әрине, олимпиадалық көрсеткіштеріміз жақсы болғаны дұрыс. Бірақ ұлттық спорт ойындарымыздың түрінен Қазақстанның өзінің олимпиадасы болуы керек. Елбасының ұлттық жаңғыру бағдарламасына сәйкес ұлттық спорт түрлерін жаңғыртудың Республика бойынша жаңа бағдарламасын әзірлеуге көңіл бөлулеріңіз керек», - деді Ерғалиев Мәдениет және спорт министрлігінің басшыларына қарата.