Ұлттық спорттық жүлде: Жеңімпаздар белгілі болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық Олимпиада комитеті 2017 жылғы «Жылдың ұлттық спорттық жүлдесінің» жеңімпаздарын марапаттады, деп хабарлайды Sport.inform.kz.
ҚР ҰОК президенті Тимур Құлыбаевтың бастамасымен ұйымдастырылған Ұлттық-спорттық жүлдені табыстау шарасы биыл жаңа форматта өтті. Жүлдені жанкүйерлер бір ай бойы olympic.kz сайтын да дауыс беру арқылы анықтаған болатын. Дауыс беру 2-28 қарашасы аралығында өтіп, кейбір номинациялар бойынша текетірес соңғы минуттарға дейін жалғасқан.
Бүгін аталған байқауға қатысты салтанатты кеш болып, жеңімпаздарға сыйлықтар табыс етілді. Сонымен, байқау жеңімпаздары:
«Жазғы спорт түрлері бойынша ең үздік спортшы» - Алексей Луценко (велоспорт);
«Қысқы спорт түрлері бойынша ең үздік спортшы» - Жанбота Алдабергенова (фристайл);
«Үздік жас спортшы» - Элизабет Тұрсынбаева (мәнерлеп сырғанау);
«Жазғы спорт түрлері бойынша ең үздік жаттықтырушы» - Қазақстан ұлттық бокс құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов;
«Қысқы спорт түрлері бойынша ең үздік жаттықтырушы» - Қазақстан ұлттық шорт-трек құрамасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков;
«Олимпиадалық спорт түрлері бойынша ең үздік ұлттық-спортық федерация» - Қазақстан триатлон федерациясы;
«Үздік спорттық өңір» - Алматы қаласының спорт және мәдениет басқармасы;
«Жыл жаңалығы» - Садақ ату бойынша ерлер құрамасы;
«Жылдың үздік командасы» - «Астана» футбол клубы.