Ұлттық тәрбиеге, әке мен ананың рөліне ерекше көңіл бөлу қажет - «Ардагер әжелер» комитеті

Астанада өткен «Елімнің тағдыры - менің тағдырым!» атты I Республикалық форумында Алматы облыстық «Ардагер әжелер» комитетінің төрайымы Дина Нұрғалиева осы мәселені көтерді.
«Негізі, ата-бабаларымыз сәби кезінен бастап ұлттық тәрбие беріп, олардың өсе келе, өз елін сүюге, халқын қорғауға баулыған. Бұл ретте, асқаралы аталардың байсалдылығы мен парасаттылығы, аяулы әжелердің кемелдігі мен кеңдігі қажет. Сол қадір-қасиетті, асыл мінез-құлық келіндеріміз бен қыздарымызға дарыса, олар көрген-білгенін балаларына жеткізсе, ұрпақ сабақтастығы өрби түседі. Бүгінде елімізде ұрпақ болашағына, олардың білім мен тәрбие алуларына, саламатты өмір сүрулеріне баса көңіл бөлініп келеді. Десе де, ұлттық тәрбиеге, әке мен ананың рөліне негізгі басымдық берген жөн», - дейді Д.Нұрғалиева.
Комитет төрайымы атап көрсеткендей, бүгінде «Ардагер әжелер» ұйымының арнайы бағдарламасына сәйкес, облыс мектептерінде ұлттық тәрбие беру мәселесіне арналған дәрістер өткізіледі.