Ұлттық тарихымызды ұлықтау - өткенге құрметтің белгісі

Елбасы бұл үш тарихи датаны бекер ерекше атаған жоқ. Бұл мерекелер төл тарихымызға, мемлекеттігіміздің қалыптасуы мен сақталуына, қазіргі тыныштығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге үлес қосатын ерекше мерейтойлар.
Ең алдымен, Қазақ хандығының 550 жылдығын республикалық және халықаралық деңгейде дүрілдетіп тойлауымыз тарихымызға деген үлкен құрметтің белгісі. Қазақ халқының тамыры тереңде болса, ал оның алғаш рет туы тігіліп, мемлекеттігін жариялауына 550 жыл толуын ұлықтау біздің мемлекеттік ұғымына бей-жай қарамайтындығымыздың көрінісі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Н.Назарбаев жақында Тараз қаласында өткен Қазақ хандығының ұлы тойында былай деген еді: «Өткен тарихымызды зерттеп, мәлімет жинау үшін тәуелсіздік жылдарында әлемнің түкпір-түкпіріне экспедициялар ұйымдастырылды. Біздің тарихымыз бастауын сақ, ғұн, түркілерден алып, Керей мен Жәнібек хандардың Шу алқабына көшіп, Қазақ хандығының туын көтеруімен жалғасады. Біз бұл мерекені тарихымыздың терең екендігін бүкіл әлемге таныту үшін, өскелең ұрпаққа жеткізу үшін өткізіп отырмыз. Мерекеге орай Тараз қаласының да келбеті жаңарды. Бұған Қазақстанның барлық облысы атсалысты, сол үшін оларға алғыс білдіреміз. Осының бәрі - ұрпақтың ата-бабалар аманатына адалдығының, Ұлы Дала тарихына тағзымының игі нышаны»,- деген болатын.
Ал, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтуіміз тәуелсіздігіміздің сақталуы үшін жан берісіп, жан алысқан батыр бабаларымызға деген құрметтің белгісі. Сұрапыл соғыс жылдарында толарсақтан қан кешіп, тобығынан саз кешкен батырлардың рухына тағзым. Бұл атаулы жылдың да өзіндік ауыр да терең мәні бар. Қазақ халқының 25%-ы соғыс алаңына аттанып, көпшілігі майдан даласында жер жастанды. Отанды қорғау тарихында мұндай ерлік кемде кем. Сондықтан, ҰОС 70 жылдығына құрметпен қарау қазіргі ұрпақтың ата-баба алдындағы перзенттік парызы.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы жаңа Қазақстанның татулығы мен тұрақтылығын, бейбітшілігін сақтауда өзіндік үлес қосып келе жатқан, ұлтаралық келісімнің синонимі іспеттес ассамблеяға деген халықтың және биліктің берген бағасы. Бұл туралы Мемлекет басшысы: «Біз 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияладық. Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы ең басты назарда», деп Ассамблеяның бірқатар маңызына тоқталған болатын.
Үш мерекенің ең үлкен маңыздылығы - үшеуі де халқымызды бір идеяның маңына біріктіреді. Бұл идея мемлекеттің тұрақтылығы мен халықтың татулығы. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Нұрлы Жол - болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауында: «Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз - ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз», - деген болатын. Иә, татулық пен достықты, бірлік пен берекені ұстанған Қазақстан халқы тыныш та, бейбіт өмір кешуде. Бейбітшілік - халықтың амандығы, тұтастығы, бірлігі», -д еп бірліктің еліміздің бүгіні мен болашағы үшін маңызы зор екендігін қадап айтқан болатын. Ендеше, бірлігімізді сақтап, мемлекетіміздің болашағын бекем ететін атаулы жылдар тек ел игілігі үшін тойлануда.
Аталған мерейтойларға байланысты биыл жыл басынан бері еліміздің әр түкпірінде мыңдаған іс-шаралар өткізіліп, өскелең ұрпаққа тарихи құндылықтарымыз наси