Ұлттық ұлан «Біз - Жеңістің мұрагерлеріміз» эстафетасын өткізіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге орай қазақстандық жауынгерлердің Ұлы Отан соғысындағы жанқиярлық ерлігіне, Отан қорғау жолында құрбан болған сарбаздарға құрмет көрсету, патриоттық, моральдық-адамгершілік құндылықтарды көтеру мақсатында ҚР Ұлттық ұланында «Біз - Жеңістің мұрагерлеріміз» эстафетасы өткізіліп жатыр.

Ұлттық ұлан «Біз - Жеңістің мұрагерлеріміз» эстафетасын өткізіп жатыр

Бұл туралы ҚР Ұлттық Ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен хабарлады.

Эстафетаның негізгі нышаны - 1941 жылы 15 желтоқсанда Ақмола облысында құрылған 72-гвардиялық атқыштар дивизиясының Жауынгерлік Туының көшірмесі. Жауынгерлік тудың көшірмесін интернационал жауынгерлер Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланы 5573 әскери бөліміне мәңгілік сақтауға табыстады.

Жеңістің 70 жылдығына арналған эстафета осы жылдың 4 ақпанынан 7 мамырға дейін, 72 - гвардиялық атқыштар дивизиясының ерлігін дәріптеу мақсатында, Қазақстанның барлық қалаларын аралап өтеді.

Аталған дивизия сұрапыл соғыс жылдары Сталинград Курск шайқасына қатысып, Украина, Молдавия, Румыния, Венгрия, Австрия, Чехословакия жерімен жүріп өтіп, Жеңіс күнін Прагада қарсы алған. Дивизияның 31 жауынгері Кеңес Одағының Батыры атанған.

Аталған іс-шараның жоспары бойынша Жауынгерлік Тудың көшірмесі Алматы қаласына 2015 жылдың 19 наурызында әкелініп, туды қабылдау рәсімі мен салтанатты іс-шара сол күні 28 панфиловшылар саябағында сағат 11:00 өтеді. Оған Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жергілікті билік өкілдері, Алматы қалалық «Нұр Отан» партиясы, студент жастар мен әскери бөлімдер сарбаздары, «Арыстан» мамандандырылған лицейі мен Б.Момышұлы атындағы Алматы әскери мектеп интернатының оқушылары қатысады.