Ұлттық ұлан қалыптасу жолынан даму кезеңіне өтті - «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Биыл Ұлттық ұланның құрылғанына 31 жыл толды. Осыған орай, Алматыда мерекелік шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, мерекелік шара Жауынгерлік ту кіргізілген соң, мемлекеттік Әнұранды орындаудан басталды. Аталған шараға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы, Алматы гарнизонындағы әскери бөлімдердің жеке құрамы, Ұлттық ұлан ардагерлері қатысты.

«31 жылда жасалған игілікті істер аз емес. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қамқорлығы арқасында Ұлттық ұлан қалыптасу жолынан өтіп, даму кезеңіне көшті. Осы жылдары әскердің кәсіби сапасы еселеп артты. Оның материалдық-техникалық қамтылуы қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда Ұлттық ұлан елдің сенімін ақтайтын айбынды күшке айналды. Бүгінгі кәсіби мерекеде өңірлік қолбасшылықтың барлық жеке құрамына, ардагерлерге және отбасыларыңызға зор денсаулық, береке-бірлік, амандық, ел игілігін еселеу жолындағы еселі еңбектеріңізге толағай табыстар тілеймін», - деді ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Ниязтай Әлкешев.

Іс-шараның ресми бөлімінен кейін мерекелік концерт өтті. Көрермендер алдында «Генерал» тобының әншілері өнер көрсетті.

Айта кетейік, 1992 жылдың 10 каңтарында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері құрылды. 2014 жылдың 21 сәуірінде Ішкі әскерлер Ұлттық ұлан болып қайта құрылды. Ал, 2015 жылы «Ұлттық ұлан туралы» заң күшіне енді.

Еске салсақ, 2022 жылдың қаңтар айында жаппай тәртіпсіздіктер кезінде азаматтық борышын өтеген қос сарбаз: қатардағы Мадияр Қайсаров пен Айбат Аманов тәртіп бұзушыларды тоқтату бойынша қызметтік-жауынгерлік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан.


Фото: ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі
Соңғы жаңалықтар