Ұлттық ұлан сарбаздары ант қабылдады (ФОТО)
Бөлім алаңында өткен рәсімге Ұлттық ұлан ардагерлері мен Бас қолбасшылық офицерлері, ауған және тәжік-ауған соғысының ардагерлері, қалалық қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мен сарбаздардың туған-туыстары қатысты. Ата-аналар аталған шараға ерте келіп, ұлдарымен қауышар сәтті тағатсыздана күтті.
Отан алдындағы борышын өтеуге келген жауынгерлерді «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Жеңіс Күлбаев өмірлеріндегі елеулі сәтпен құттықтап, қызметтеріне табыс тіледі. Бір айдан аса уақыт әскери сәлемдесу мен сап түзеуге машықтанған, жауынгерлік істің қыр-сырын меңгеріп, ант мәтінін жаттаған сарбаздар жиналған көпшілікке жоғары дайындықтарын көрсетті. Олар Отанға, халыққа, оның заңды түрде сайланған Президентіне адал болуға, әскери және мемлекеттік құпияны қатаң сақтауға серт берді. Жауынгерлер атынан сөз алған 2-ші оқу ротасының атқышы Дастан Еркінбеков «Жастарға қамал бар ма қатар келер? Күніміз болашаққа нұрын себер. Бірігіп, бір ауыздан «Отан» десек, Қазақстан көк байрағын желбіретер!» деп жүрекжарды жырын арнап, қаруластарын елге адал қызмет етуге шақырды. Сарбаздардың ата-ана, жақын-достары олардың әскери форма кигенін, автомат ұстап, сап түзеп өткенін сүйсіне тамашалады. Ант қабылдаушыларды, сондай-ақ, бөлімнің ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманғали Ерекешев пен ата-аналар атынан шыққан Айман Бердірахмановалар да құттықтап, ақ батасын берді.