Ұлттық ұлан сарбаздары Жаңаөзенде жоғалып кеткен 8 жасар қызды тауып берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңаөзен қаласында жоғалып кеткен 8 жасар қыз бала аман-есен табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Оқиға 28 ақпан күні сағат 20.00 уақытында тіркелді. Жаңаөзен қаласында кешке таман кәмелет жасына толмаған қыз баланың жоғалып кеткені туралы шағым түскен. Осылайша, бұл жайында Ұлттық ұланның барлық әскери жасағына хабар таратылған», - делінген хабарламада.
Ұлттық гвардия жауынгерлері осыдан кейін бірден жедел іздестіру жұмыстарын бастап кетті. Арада 20 минут өтер-өтпестен патруль бастығы - кіші сержант Нұрбол Балықбай, қатардағы жауынгерлер Жанатбек Серғазиев пен Алмат Әмірбек «Банк Центр Кредит» ғимаратының маңында жылап жүрген қыз баланы көреді. Сарбаздар осыдан кейін оны жұбатып, тәртіп сақшыларына тапсырған.
«Ұлттық ұлан жауынгерлері баланы полиция бөліміне апарған. Қыздың ата-анасы сонда келіп, баланы алып кетті. Көмек көрсеткені үшін риза болған ата-ана Ұлттық ұлан жауынгерлеріне алғыс айтты. Қойылған міндетті орындауда және қоғамдық тәртіпті сақтауда қырағылық танытқаны үшін 5548 әскери бөлімінің командирі жауынгерлерді марапаттау туралы шешім шығарды», - делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, 2018 жылдың 23 желтоқсанында да ұландықтар Жаңаөзенде жоғалып кеткен қарт адам мен төрт жасар баланы тапқан болатын.