Ұлттық ұлан жаңа оқу жылын тың мақсаттармен бастады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде 2016 жылғы жаңа оқу кезеңі басталды. Оқу кезеңі мемлекетіміздің әнұранымен салтанатты түрде ашылып, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаһандық қауіп пен қарсылықтар жағдайындағы ішкі және сыртқы саясаттағы ауқымды бағыттар» туралы айтқан қағидасы алғашқы мемлекеттік-құқықтық дайындық сабағының басты тақырыбына айналды.
Қолбасшылық басқармасының офицерлерімен, сондай-ақ қолбасшылыққа бағынышты әскери бөлімдердің офицерлерімен, келісімшарт бойынша әскери қызметшілерімен және сарбаздармен алғашқы сабақты Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары Сағатбек Нұрахметов жүргізді. Сабақ барысында ол Елбасымыздың биылғы дәстүрлі Жолдауын кең ауқымда талқылап, мемлекетіміздің 2015 жылғы жеткен жетістіктері мен өткізілген айтулы іс-шараларға ерекше тоқталып өтті.
Сабақ барысын жалғастырған «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының бастығы Ниязтай Әлкешев «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 2016 жылғы келелі жоспарлары мен тың мақсаттарына кеңінен тоқталса, осы іс-шараға арнайы келген Ұлттық ұланның ардагері отставкадағы полковник Виктор Маколов та сардарлар мен сарбаздарға Ұлттық ұланның тағылымды тарихынан сыр шертіп, ұлттық патриоттық тәрбие туралы әңгімеледі, деп хабарлайды «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.