Ұлттық ұлан жауынгері түтіндеген пәтерден 3 бүлдіршінді құтқарды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық ұлан қызметкері елордалық әйелге түскі уақытта өрт шыққан пәтерден үш бүлдіршінді алып шығуға көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлттық ұлан жауынгері түтіндеген пәтерден 3 бүлдіршінді құтқарды

Жуырда Ұлттық ұлан әскери қызметшісі, ефрейтор Темірлан Әмірғазин азық-түлік дүкенінде тұрғанда төбеден сылақ түсіп, желдету шахтасынан қою түтін шығып жатқанын байқайды.

Қауіпті сәтті қалт жібермеген жауынгер дүкенге келушілер мен сатушылардың тез арада далаға шығуын өтінеді.

Осы уақытта ол түтіннің екінші қабаттан шығып жатқанын байқайды. Сөйтсе бұл дүкен сатушысының пәтері екен.

Ұландық жауынгер дереу өрт сөндіруші қызметке қоңырау шалып, үй иесімен бірге баспанадан 3 бүлдіршінді қауіпсіз жерге алып шығады.

«Дүкенде тұрғанда мен төбеден құлаған заттарды байқап қалдым, ал түтін шыққанда бәріміз сыртқа шықтық. Дүкен иесі уайымдай бастады. Өйткені, түтіндеген пәтер соныкі екен. Үйде оның балалары бар екен. Дереу әлгі пәтерге көтеріліп, ішіндегі балаларды және көрші пәтердегі екі баланы сыртқа шығардық. Өрт сөндірушілер келгенше терезелерді ашып, электр құрылғыларды өшірдім», - дейді ефрейтор Темірлан Әмірғазин.