Ұлттық ұлан жауынгерлері бір жылда 22 жоғалған баланы тауып, ата-анасына қайтарған
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өткен жылы Ұлттық ұлан жауынгерлері 22 жоғалған баланы ата-аналарына тауып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Күн сайын Ұлттық ұланның жедел мақсаттағы әскери бөлімдері Ішкі істер органдарымен бірлесіп, елдің барлық қалаларында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Патрульдеу бағытына бес мыңнан астам әскери қызметші түседі.
Олар жауынгерлік қызмет кезеңінде тонау, ұрлау және қарақшылық фактілерін ашады, іздеудегі адамдарды ұстайды.
Сарбаздар мен офицерлер ұялы телефондарды, ноутбуктерді, ақша мен есірткіні табады. Сондай-ақ, әскери қызметшілер азаматтарға балалары мен басқа туыстарын табуға көмектеседі.
Сонымен, 2021 жылы Ұлттық ұланның әскери қызметшілері 22 жоғалған баланы тауып, жақындарына қайтарды.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері - 4 жоғалған баланы, «Шығыс» - 2 баланы, «Орталық» - 3 баланы, «Батыс» - 3 баланы тауыпты.
Жоғалған балалардың көпшілігін елордалық жедел құрамасы – 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшілері тауыпты. 10 бала аман-есен ата анасына қайтарылған.
Мысалы, өткен жылғы соңғы оқиғаны алайық. 6 қазанда сағат 18.45 шамасында патрульдік топтың бастығы кіші сержант Азамат Кәрімов пен патрульші қатардағы жауынгер Сұңғат Жүкенов маршруттарды тексеруге шығады.
Қонаев-Достық көшелерінің қиылысындағы бағдаршамға келіп, олар мектеп оқушысын көреді. Оқушы «Бәйтерек» монументінің жанында ересектердің қарауынсыз жалғыз жүрген.
Ол қатты қобалжулы болды. Сондықтан ұландықтар оның тұратын жерін анықтай алмады. Осыдан кейін әскери жасақ оны жақында орналасқан туристік полиция бекетіне апарады.
Кейін белгілі болғандай, сегіз жасар оқушының ата-анасы оны сағат 16.00-ден бастап әлеуметтік желілер арқылы іздеген.
Ол бірінші сыныпта оқиды. Сол күні оқушы ағасын мектеп жанында күтпей, ертерек кетіп қалыпты.
Оқиға орнына келген анасы мен әкесі Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне алғысын айтты.
Дәл сол күні кешкісін Қошқарбаев көшесінің бойында құрамында қатардағы жауынгер Мұрат Қаржауов пен патрульдік Алпамыс Нәби мен Саржан Қылышбай бар әскери жасақ 10 жасар қызды байқап қалады.
Жеткіншектің жалғыз жүргені және қосымша сабақтан оралғаннан кейін жолдан адасып кеткені белгілі болады.
Тәртіп сақшылары әкесінің телефон номерін сұрап хабарласады. Өздері тұрған жерін айтады.
Біраз уақыттан кейін азамат айтылған мекенжайға келіп, әскери қызметшілерге, сондай-ақ Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің қолбасшылығына ризашылығын білдірді.
- Көбіне балалар жазғы уақытта жиі жоғалады. Қалалық саябақтарда, жаппай мереке орындарында белсенді отбасылық демалыс кезінде болады. Балалар алаңда қалып қалады, кейде жүгіріп кетеді. Ата-аналар баласын өз бетінше таба алмайтын жағдайлар көп болды. Әскери жасақ әрқашан жалғыз жүрген балаларға назар аударады. Ұландық жауынгерлер олармен амандасады, сөйлеседі, кіммен жүргенін сұрайды. Балалар әскери формадағы адамдарға сенеді. Сондықтан олар жоғалып кеткенін және үйге жол таба алмай жүргенін жасырмай айтады. Нәтижесінде біз дереу шара қолданып, балаларды жақындарына қайтарамыз «, - дейді Ұлттық ұлан жауынгерлік қызмет бас басқармасының аға офицері Ермек Тұрғынов.

