Ұлттық ұлан жауынгерлері Жаңаөзенде жоғалған үш жасар баланы тапты

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ұлттық ұлан жауынгерлері Жаңаөзенде жоғалған үш жасар баланы тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық ұлан жауынгерлері Жаңаөзенде жоғалған үш жасар баланы тапты

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, кешкісін жедел басқару орталығына баланың жоғалғаны жөнінде хабар келген.

Анасы 4-шағынауданда баламен бірге серуендеп жүріп, көз жазып қалған. Туысқандары өздіктерінен таба алмағаннан кейін полицияға жүгінген.

Жарты сағаттан кейін құрамында қатардағы жауынгерлер Бауыржан Сәбитов, Ілияс Махамбет және Бағдат Бейбітхан бар топ 4-шағынаудандағы «Ақбөкен» дүкені маңынан жылап отырған баланы байқады. Ұлттық ұлан жауынгерлері оны тыныштандырып, жақын маңдағы полиция тірек пунктіне жеткізді.

Баланың ата-анасы қырағылығы үшін Ұлттық ұлан жауынгерлеріне алғысын білдірді. Аталған жауынгерлер 5548-әскери бөлім командирімен ынталандырылды.

Бұл Жаңаөзендегі бірінші жағдай емес. Бұдан бұрын, өткен жылдың 23 желтоқсаны күні Ұлттық ұлан жауынгерлері жоғалған жасы ұлғайған ер адам мен төрт жасар баланы табуға көмектескен еді. 28 ақпан және 6 сәуір күндері екі қыз бала табылды. 2 мамырда Ақтауда әскери қызметкерлер әкесіне адасып кеткен қызын табуына жәрдем берді. 5 мамырда Жаңаөзенде 6 жасар Алтынбек пен 5 жасар Даяна ата-анасына табысталды.