Ұлттық Ұланның 60-тан астам қызметкеріне жаңа пәтердің кілті табысталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық Ұланның «Шығыс» өңірлігіне қарасты 6699 әскери бөлімінің Жаңғызтөбе ауылында орналасқан атқыштар батальонының әскери қызметшілері қоныс тойын тойлады. Осы жылдың наурыз айында басталған алпыс төрт пәтерлік төрт қабатты үйдің құрылысы жоспарға сай желтоқсан айында аяқталып, әскери қызметшілерге пәтер кілттері табыс етілді.

Ұлттық Ұланның 60-тан астам қызметкеріне жаңа пәтердің кілті табысталды

Ұлттық Ұланның баспасөз қызметінің хабарлауынша, әскери қызметшілерді қоныс тойымен құттықтап, пәтер кілттерін табыс етуге Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының ТжӘҚЖ жөніндегі орынбасары полковник Мұхаметқали Сатов, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Бауыржан Әбжанов және жергілікті әкімдік басшылығы, Ұлттық Ұланның ардагерлері, мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысты.

Осы атқыштар батальонында алғашқы офицерлік өмірі басталысымен қызмет етіп жүрген аға лейтенант Мақсат Мұқаевтың отбасы екі бөлмелі пәтерге ие болды.

- Екі балам мен жұбайымның мерейі үстем. Енді артқа алаңдамай тек қана қажырлы да абыройлы қызмет етуге барлық мүмкіндік бар. Бұл батальонның тұрғын үй мәселесі осымен толық шешілді, - дейді батальонның бас тәрбиешісі Мақсат Мұқаев.

Әскери қызметшілерге отбасының мүшелерінің санына байланысты бір, екі және үш бөлмелі пәтерлер берілді.