Ұлттық ұланның мәртебесін айқындайтын заң қабылданды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» Заңы екінші оқылымда қабылданды.
Құжат Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк басқару жүйесiн одан әрi жетiлдiру шаралары туралы» 2014 жылғы 21 сәуiрдегi Жарлығын орындауға бағытталған. Ал ол Жарлыққа сәйкес, ҚР Iшкi iстер министрлiгiнiң ішкi әскерлерi iшкi iстер органдарының бiрыңғай жүйесiне кiретiн ҚР Ұлттық ұланы болып қайта құрылған болатын.
Тұтастай алғанда, заңның мақсаты Ұлттық ұланның қызметi саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу болып табылады. Сонымен бірге құжат Ұлттық ұланның мәртебесін, қызметтік құқықтық негіздерін, оның міндеттері мен өкілдіктерін айқындайды. ҚР Ұлттық ұланында әскери қызмет өткеру және еңбек қатынастары айқындалады. Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің, отбасыларының әлеуметтік кепілдіктері нақтыланады.
Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.