Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы соғыс ардагерлері мен үздік әскери қызметшілерді марапаттады (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Салтанатты шара барысында Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстан халқының тылдағы қажырлы еңбектері мен қазақстандық жауынгерлердің қан майдандағы теңдесі жоқ ерліктері еске алынды. Сондай-ақ, бүгінгі жиынға жиналған қауым Ұлы Жеңіс жолында майдан даласында қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, рухтарына тағзым етті.
Сонымен қатар, соғыс ардагерлері «Ұлы Жеңіске 70 жыл», үздік әскери қызметшілер мен өзара әрекеттесуші құрылымдардың өкілдері «Отан қорғаушы», «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» және «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төсбелгілермен марапатталса, әскери тақырыпқа қалам тербеп жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнайы мақтау қағаздары табыс етілді.
Солардың ішінде «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінің тілшісі Гүлмира Бижаева ҚР Ұлттық ұланының арнайы мақтау грамотасымен марапатталды.
Шара барысында Ұлы Отан соғысының ардагерлері сөз сөйлеп, соғыс жылдарын еске алды. Бүгінгі жас Отан қорғаушыларды отанды сүюге, оны қорғауға қашанда дайын болуға болуға шақырды.
Өз сөзінде ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысы бойынша орынбасары, полковник Нұрбай Бектұрсынов Қазақстанның Ұлы Жеңіске қосқан үлесінің зор екендігін атап өтті.
«Қазақ жері миллиондаған кеңес әскерлерін киіммен, азық-түлікпен және қару-жарақпен қамтамасыз етіп қана қоймай, елімізге келген жүздеген мың адамға пана болды. Соғыс жылдарында Қазақстанға 140 өндіріс орны, ондаған институттар, жүздеген мың мамандар көшірілді. Олардан басқа, 100 мыңнан астам поляк, 360 мыңнан астам қуғын-сүргінге ұшыраған немістер және 507 мың Солтүстік Кавказ өңірі тұрғындарының қазақ жерінен пана тапқанын айтуға болады. Осылайша, Қазақстан 1,5 миллионға жуық адамның екінші отанына айналды. Ал бүгінде солардың ұрпақтары көпұлтты Қазақстанда, қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық татулықтың арқасында бақытты өмір сүріп жатыр. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне үлес қосуда. Ал Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан халқының тылдағы және қан майдандағы ерліктері ешқашанда ұмытылмайды» - деді Н. Байтұрсынов.
Шара соңында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының көркемөнерпаздар ұжымы ардагерлердің құрметіне концерт берді.