Ұлттық ұланның жеке құрамы сайлауда дауыс беруді аяқтады
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық ұланының жеке құрамы президент сайлауында дауыс беруді аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Таңғы сағат 6.00-де 5573 әскери бөліміндегі №226 дауыс беру учаскесіне алғашқылардың бірі болып ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов келіп, дауыс берді.
«Құқықтық тәртіп әскерлерінің әскери қызметшілері барлық уақытта жоғары азаматтық жауапкершілік пен патриоттық рух танытады. Ұлттық ұлан еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығына жауап беретін әскери құрылым. Бүгінгі сайлауға әрбір әскери қызметші белсенді қатысып, өз кандидатына дауыс беретініне сенімдімін», - деді Еркін Ботақанов.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Қайрат Үмбетовтың айтуынша, әскери бөлімдерде ашылған сайлау учаскелерінде дауыс берушілердің белсенділігі өте жоғары болды. Сайлауға тек әскери қызметшілердің өздері ғана емес, олардың отбасы мүшелері де белсенді қатысты.

Әскери бөлімдердің Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүрген жауынгерлері мен Ұлттық ұлан академиясының курсанттары әскери қалашықтар аумағында құрылған 36 сайлау учаскесінде дауыс берді. Олардың арасында дауыс беруге алғаш рет қатысқандар көп. Алғашқы сайлаушыларға арнайы сыйлықтар табысталды.
