Ұлттық заңнама Орхус конвенциясына сәйкес келтіріледі - Сенат
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақты дамыту комиттетінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.
Аталған заң жобасының мақсаты ұлттық экологиялық заңнаманы Орхус конвенциясына сәйкес келтіру болмақ. Қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша шешімдерді қабылдау процесіне және әділсотқа қол жетімділікті іске асыру туралы конвенцияның (Орхус конвенциясы) негізгі функциялары қоршаған орта саласындағы мәліметтердің ақпараттық қорын қалыптастыру болып табылады. Бұдан бөлек, ақпараттарды қолдану мен жеке және заңды тұлғалардың сұрауы бойынша экологиялық ақпарат ұсыну қамтамасыз етіледі. Заң жобасына сәйкес парниктік газ шығарындыларына квота белгілеу, беру және өзгерту мәселелері бойынша Экологиялық кодекске өзгерістер енгізу күтіледі.
Аталған мақсатта заң жобасымен экологиялық ақпараттардың мемлекеттік қоры арқылы қоғамды ақпараттандыру жүйесінің тәртібі қарастырылып отыр. Сонымен қатар, қоршаған ортаның жағдайы мен табиғи ресурстарды пайдалану бойынша жыл сайынғы Ұлттық баяндама шығару көзделеді. Бұдан бөлек, экологиялық ақпараттың аса маңызды көздерінің бірі - шығарындылар мен ластаушылардың ауысуы туралы мемлекеттік тізілім болып табылады.
Тұтастай алғанда, заң жобасы арқылы ұсынылатын өзгерістер мен толықтырулар квоталаудың тиімді жүйесін енгізуге, парниктік газдар шығарындыларына квоталарды ішкі саудалауға қатысты болып отыр.
Заң жобасы алдағы уақытта өтетін палатаның жалпы отырысына шығарылады.