Ұлттық жаңғыру сананың кемелденуін білдіреді
Жиынға Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы, Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева және еліміздің ғылыми-шығармашылық интеллигенциясының өкілдері, Жоғарғы Сот органы аппаратының басшылығы мен қызметкерлері, сондай-ақ Сот төрелігі академиясының профессор-оқытушылар құрамы мен магистранттары қатысты.
Дөңгелек үстел жұмысын ашқан Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласында айтылған мемлекет пен қоғамның алдына қойып отырған мақсаттары мен міндеттерінің маңызы орасан екенін, соның ішінде жастар болашағына бағыт-бағдар берудің мәні зор екенін атап өтті.
«Мақаладағы кемел ойларды баршаңызбен бөлісу үшін дөңгелек үстелге жиналып отырмыз. Бағдарламада қоғамдық сананы жаңғыртудың бірнеше бағыты айқын айтылған. Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Тұтас ұлт болып ұйысып отырған қазақстандықтардың берекесі мен бірлігінің негізі қазақ ұлтының болмыс-бітімінде жатыр. Соның ішінде халқымыздың сан ғасырлық салт-дәстүрінің орны ерекше. Өздеріңізге мәлім, еліміздің сот жүйесі Майқы би бабамыз негізін қалаған билер сотынан бастау алады. Елбасы айтқандай, жаһандану дәуірінде біз жат идеологиялардың ықпалына өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз. Сондықтан да билерден қалған әділ төрелік ету дәстүрін кеңінен насихаттауымыз керек. Осы орайда, алаш қайраткері Міржақып Дулатовтың «Заң әдет-ғұрыпқа қайшы келсе, үлкен аяққа тар етік кигенмен бірдей» деген сөзін бүгінгі болашақ заңгерлер білгені жөн», деді Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Бағлан Демесінұлы Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына орай өз ұсынысын айтты: «Бүгінде еліміз экономикалық дамудың шырқау биігіне көтерілді. Қазақстан өзінің халықаралық даму бағытында үлкен дәрежелерге ие болды. Мақалада атап көрсетілгендей, біздің болашағымыз - қоғам жетістіктерін әрі қарай жалғастыратын, реформалық үдерістерді игеретін жастарымыз. Республиканың саяси билігіндегі сот жүйесінің орны ерекше. Қоғам тепе-теңдігін сақтау мен еліміздің әлеуметтік, экономикалық даму барысында сот жүйесінің рөлі басым», деген Бағлан Демесінұлы қазақ өміріндегі бітімгершілік тұрғысынан маңызды рөл атқарған дәстүрлі билер соты институтын кеңінен насихаттауды ұсынды. «Біздің қазақ ұлтында әлемде теңдесі жоқ билер соты, құқықтық институт бар екенін бәрі біледі. Билер институтының тәжірибесін бүгінгі жаңа заманға сай қолданудың маңызы зор. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасынан құқықтану саласына ерекше орын тиюі тиіс. Өйткені, сот жүйесінің дамуына еңбегі сіңген судьялар мен сот қызметкерлері жеткілікті ғой деп ойлаймын», деді Жоғарғы Сот судьясы.
Іс-шара соңында қатысушылардың тұжырымды ойлары мен ұсыныстарының негізінде қарар қабылданып, сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жұмыстарын жүргізу, Сот төрелігі академиясының оқу бағдарламасына «Қазақ билерінің шешендік өнері» атты арнайы курс енгізу, сот аудармашыларының біліктілігін арттыру мақсатында «Үздік сот аудармашысы» республикалық конкурсын өткізу, Елбасының латын әліпбиіне көшу туралы тапсырмасы бойынша дайындық жұмыстарын пысықтау жұмыстарына қатысты бірқатар ұсыныс дайындалды. Қарарда топтастырылған ұсыныстар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияға іс-шаралардың жүзеге асуын үйлестіру ұсынылатын болады.