Ұлттың руханиятын жаңғыртуға ұлттық интеллегенцияның жұмыла кіріскені дұрыс - Есенғали Раушанов
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Жазушы» баспасының директоры Есенғали Раушанов Елбасының «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын Мұхтар Әуезовтің 1961 жарыққа шығып, қазақ руханиятына серпіліс әкелген мақаласына теңеді, деп хабарлайды ҚазАқпрат тілшісі.
«1961 жылы Мұхтар Әуезовтің «Жыл келгендей жаңалықты сеземіз» атты мақаласы жарыққа шықты. Ол қазақ руханиятына үлкен серпіліс әкелген туынды болатын. Президентіміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кешегі мақаласы тура сондай ұлттық рухты желпіндірген, ұлттық рухты оятқан, алға қадам бастыратын ел өміріндегі елеулі оқиға болды деп есептеймін», - деді ақын Есенғали Раушанов.
Сонымен қатар, ол Елбасы мақаласында көтерілген Қазақстан Жазушылар Одағы мен Ұлттық ғылым академиясына қатысты өз пікірін білдірді.
«Қазақстан Жазушылар Одағы мен Ұлттық ғылым академиясының жұмысын баяғыда жақсарту керек еді. Екі мекеменің жұмысы сын көтермейді. Президент соны аңғарып отыр. Қалай болған жағдайда да, ұлттың руханиятын жаңғыртуға ұлттық интеллегенция жұмыла кіріскенін біз дұрыс көрер едік», - деді Есенғали Раушанов.
Айта кетейік, бүгін Алматыда зиялы қауым өкілдері кеше, 12 сәуір күні «Егемен Қазақстан» республикалық газетінде жарияланған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын талдауға арналған дөңгелек үстел басында жиналды