Ұлтымыздың денсаулығы және демографиялық өсуі қауіп алдында тұр - «Ер адамдардың денсаулығы» атты акцияның нәтижесі

АЛМАТЫ. Қарашаның 16-сы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ -  Әлемдегі  ер адамдардың 150 миллионы  және жарты миллион қазақстандықтар эректілі дисфункция ауруынан  зардап шегуде.

Ұлтымыздың денсаулығы және демографиялық өсуі қауіп алдында тұр -  «Ер адамдардың денсаулығы» атты акцияның нәтижесі

 Бұл ауру урологиялық аурулардың ішінде бүгінгі күні 3-ші орынды алып отыр. Қазақстанда тіркелген 24 000 ауыратын ер адамдардың, 56 пайызы әр түрлі формадағы эректілі дисфункцияларымен ауырады. Бұл туралы бүгін Б.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығының ұйымдастыруымен өткен баспасөз мәжілісінде орталықтың директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор, еліміздің Денсаулық министрлігінің бас урологы Мырзакәрім Алшынбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз қараша айының 11-і мен 13-і күндері аралықтарында  біздің урология орталығының жетекші мамандары алғаш рет «Ер адам денсаулығы» күндерін өткізді. Ол шараның мақсаты - ер адамдардың денсаулық жағдайын жақсарту мақсатында аурулардың алдын-алу, өмірінің сапасын арттыру болып табылады. Ер адамдардың бедеулігі,  эректілі дисфункция және тағы да басқа ер адамдардың аурулары бүгінгі күні елімізде ғана емес, әлемдік мәселеге айналып отыр. Халқымыздың саны көп болуы, әрине ер адамның денсаулығына да байланысты. Сондықтан да біз урологтардың бас қосуында «Ер адамдардың денсаулығы» атты  бағдарламаны қабылдадық. Бұл жоба Парламентте қолдау тапқан болатын. Өткізілген шаралардың нәтижесі болатынына сенімдімін», деді еліміздің Денсаулық министрлігінің бас урологы Мырзакәрім Алшынбаев. Оның айтуынша, бұл проблемаларды ер адамдардың көпшілігі жасырады, не болмаса мойындамайды. Сондықтан алғаш рет қазақстандық медицина тәжірбиесінде біздің ғалымдар еліміздің ер адамдарына бірінші қадам жасады. «Қоғамдағы менталитет өзгеруі керек, барлық жастағы ер адамдар өз денсаулығын ойлауы керек», деді бас уролог М. Алшынбаев.

Акция барысында 15-пен 84 жас аралығындағы 717 ер адам тексерілуден өткен. Оның 67 пайызы әр түрлі патологиялық аурулармен шалдыққаны анықталған.

С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-тің ішкі аурулар кафедрасының меңгерушісі Бағира Төкешованың айтуынша, ер адамдардың 75 пайызы әртүрлі урологиялық аурулармен ауырады. "Олардың ішінде, әсіресе,  жас жігіттердің ауыратыны қорқыныш тудырады. Тексеру барысында көпшілігі семіздік, қан қысымы, диабет ауруларымен ауыратындығы анықталды. Ұлтымыздың денсаулығы және демографиялық өсуі қауіп алдында тұр", деп атап өтті Б. Төкешова.