«Ұлы Дала елі» экспедициясы негізінде энциклопедия құрастырылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Естеріңізде болса, қыркүйек айының басында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ұлы дала елі» экспедициясы жолға шыққан болатын.
Ақтау, Павлодар және Астана қалаларынан бір мезгілде аттанған экспедицияны Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Қоғамдық келісім» РМБ ҚР мәдениет және спорт министрлігі қолдауымен ұйымдастырған болатын. Республикалық тарихи-мәдени экспедиция 7 қазан күні Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында Тараз қаласында мәреге жетті. Саяхатшылар Солтүстік-орталық, Батыс-оңтүстік және Шығыс-оңтүстік сияқты үш бағытта республиканың түпкір-түпкірінде көптеген елді мекендерде, тарихи орындарда болып, халық тарихына қатысты тың деректер жинады.
Астанадан солтүстікке бет бұрған «керуенге» тарих ғылымдарының докторы, «Қоғамдық келісім» РМБ сараптамалық және әдістемелік қамту қызметінің жетекшісі Нұрбек Шаяхметов жетекшілік етті. Топ құрамында Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Амангелді Қашқынбаев, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті Әміржан Әлпейісов, Қазақстандағы әзірбайжан мәдени орталықтары Одағының президенті, «Тұран-Таймс» газетінің бас редакторы Видади Салахов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, жазушы Госман Төлеғұл және тағы басқа қоғам қайраткерлері болды. Бұл тарихи-мәдени шараның мақсатын Нұрбек Шаяхметов былай түсіндірді:
«Біздің мақсатымыз үш концептуалдық негізге сүйенеді. Олар - патриоттық, ғылыми-танымдық және ақпараттық негіздер. Сондықтан қайда барсақ та, «Мәңгілік ел мұраты - ел бірлігі», «Жер тарихы - ел тарихы» тақырыбында кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткіздік. Сондай-ақ, «Қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің қазақстандық моделі» тақырыбында лекциялар оқылып, «Теңдессіз сый» акциясы аясында сый жасалды».
Делегация ең әуелі Ақмола облысының Бурабай ауданына тоқтап, Абылай хан музейін тамашалады. Соңыра қазақстандық толеранттылық пен қоғамдық келісім тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Сондай-ақ, «Балдәурен» сауықтыру орталығында кездесу ұйымдастырылып, экспедиция мүшелері демалушыларға Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған экспедицияның мән-маңызын түсіндірді. Сонымен бірге Шучье қаласындағы кадет корпусы курсанттарына лекция оқыды.
Экспедиция бұдан кейін Ақмола облысының Зеренді ауданындағы «Балқадиша» әні дүниеге келген өлкенің тарихымен танысты. Мәлік Ғабдуллиннің туған жерін аралап, қазыналы қариялардың шежіреге толы әңгімелерін жазып алды. Ал Көкшетау қаласына жеткен соң делегация Көкшетау мемлекеттік университетінің студенттерімен кездесіп, «Теңдессіз сый» акциясы аясында жоғарғы оқу орнының кітапханасына Қазақ хандығының тарихынан сыр шертетін құнды кітапты тарту етті. Ал Назарбаев интеллектуалдық мектебінде өткен іс-шарада Қазақ географиялық қоғамының өкілі Мағжан Сағымбаев жер шарын 380 күн ішінде велосипедпен қалай шарлап шыққанын, жолда нендей жағдайлармен ұшырасқанын қызғылықты баяндап берді. Осы аралықта саяхатшы 23 елді, 170 қаланы басып өтіп, 200 елдімекенде қонақ болған. Оқушылар саяхатшының әңгімесін ұйып тыңдады.
Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында өткен күндер сол аймақтың ерекше қонақжайлығы мен дархан көңіл адамдарының арқасында өте мағыналы өтті. Қарасай мен Ағынтай батырлардың жаны тыныштық тапқан қасиетті топырақ, Ақан сері мен Үкілі Ыбырайдың туған топырағы тарихи шежіреге өте бай. Қонақтар Сырымбет ауылындағы Шоқан Уәлихановтың әжесі «Айғанымның ауылы» атанып кеткен тарихи музей-кешеніне де ат басын бұрды.
Осы қарқынмен жүріп отырған экспедиция бір ай ішінде Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Жезқазған өңірлерінің тарихи маңызы зор аудандары мен қалаларын басып өтті. Топ құрамындағылардың айтуынша, жоғарыда аталған нысандардан өзге Қостанайдағы ұлттық киімдер музейі, тұңғыш қазақ-орыс мектебінің негізін қалаған Ыбырай Алтынсарин кесенесі, Мағжан Жұмабаевтың, Ахмет Байтұрсыновтың мемориалдық музейлері, Шақшақ Жәнібек батырдың туған топырағы, табиғаты сұлу Қарқаралы мен жезді Теміртау қалалары ерекше есте қалыпты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, экспедиция қорытындысы бойынша «Қазақстан Энциклопедиясы» атты ауқымды интернет-жоба іске қосылады. Сондай-ақ топ мүшелерінің осынау бір ай ішінде жазған күнделік-жолжазбаларын қамтитын үш томдық жинақ жарық көрмек.