«Ұлы дала» фестивалі өтетінін естіп, Павлодарға арнайы келдік - «Жігіттер» тобы
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - «Ұлы дала» халықаралық этнофестивалінде отандық жұлдыздар өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Фестивальдің орталық сахнасында Қазақстан эстрада жұлдыздары «Жігіттер» тобы, Ернар Айдар, Әлішер Кәрімов, «Бастау» тобы және жергілікті өнерпаздар ән салып, би биледі. «Жігіттер» тобының мүшесі былтыр өткен «Ұлы дала» фестивалін әлеуметтік желіден көріп, биыл өздері арнайы келгендерін жеткізді.

«Жаздың жаймашуақ күнінде Ертістің жағасында естен кетпес думан өтіп жатыр, - дейді «Жігіттер» тобының мүшесі Ердос Қанаев. - Өскелең ұрпақ кейбір салт-дәстүрімізді, құндылықтарымызды ұмытып жатыр. Бұл - өткенімізді еске түсіретін, рухымызды көтеретін керемет шара. Ертіс өңіріне жиі келіп тұрамыз. Бұл жолы 10 шақты ән шырқаймыз. Ішінде жаңа әндеріміз де бар. Оған қоса, «Ұлы дала» фестивалінің гимнына айналған жергілікті ақын Асығат Тұрғанбектовтың сөзіне жазылған әнді айттық. Биыл тобымыздың құрылғанына 15 жыл толып отыр. Сондықтан алдағы уақытта Павлодарға жеке концертімізбен келіп қалуымыз да мүмкін. Барша жұртшылықты мерекелерімен құттықтаймыз».

Басты сахнадағы концерттік бағдарламаны елімізге танымал айтыскер ақын Аманжол Әлтаев арнауымен бастады. Сонымен қатар, концерттік бағдарлама барысында парашютшілер аспаннан «Ұлы дала» логотипі бар 100 кг кәмпиттен шашу жасады.
Еске салайық, кешкі сағат 20:00-де «Ұлы дала» этнофестивалінің жабылуына орай «Ертіс promenade» сахнасында Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтеді.
