Ұлы Дала зары: Мәдениет министрлігі Оскарға ұсынылған фильмге қандай қолдау көрсетеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналып түсірілген «Ұлы Дала зары» фильмінің «Оскар» сыйлығының «Шет тілдегі үздік фильм» номинациясына ұсынылғаны мәлім.

Ұлы Дала зары: Мәдениет министрлігі Оскарға ұсынылған фильмге қандай қолдау көрсетеді

Әлемнің үздік кинопремиясының қорытындысы 2021 жылдың сәуір айында шығады. Ал бұл ретте Мәдениет және спорт министрлігі аталмыш фильмді әлем елдерінің көрермендеріне жарнамалап, ілгерілетуге атсалыса ма? Атсалысса министрлік фильмді шетелдік аудиторияға таныстыруда нақты қандай көмек немесе қолдау көрсетеді? Бұл сұрақты ҚазАқпарат тілшісі Мәдениет және спорт министрлігіне жолдаған еді.

«Ұлы Дала зары» фильмі 1920-30 жылдары ашаршылық кезінде ел халқының аштықтан қаза тапқандығы жайлы нақты тарихи оқиғаларға негізделген. Фильмнің идеясы қасіретке толы қиын-қыстау жылдарды көрсету емес, сол қиындықтар мен озбырлыққа қарамастан өмір сүре алған рухы биік халықтың бір-біріне деген өзара көмегін көрсету. Бұл фильм Қазақстандағы ашаршылыққа арналған алғашқы туынды екенін атап өткен жөн», - деп жауап берді ведомство.

Министрліктің хабарлауынша, Қазақстандағы Оскар комиссиясы 2005 жылы Қазақстан Кинематографистер одағы жанынан құрылған. Оның құрамында мына мамандар бар: И. Вовняко (төраға), А. Әшімов, О. Борецкий, Ф. Шәріпов, Ф. Абдраимов, А. Асенов және Қ. Төребай (хатшы). Аталған комиссияның шешімімен әлемдік деңгейдегі «Оскар» сыйлығына биыл еліміздің атынан «Ұлы Дала зары» фильмі ұсынылып отыр.

«Ұлы Дала зары» фильмін министрлік тарапынан елімізде және шетелде ілгерілету мақсатында жыл сайын ұйымдастырылатын «Қазақстан кино күндері» аясында көрсетуге және ақпараттық қолдау білдіруге дайын екендігін жеткіземіз», - дейді министрліктің баспасөз қызметі.