Улы газды анықтайтын датчиктер 140 адамды өлімнен құтқарды – ТЖМ
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов улы газды анықтайтын датчиктердің оң нәтижесі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жылыту маусымы басталғалы өрт санының 20%-ға және адамдардың өрттен қаза болуы 32,5% төмендеуі байқалады. Соңғы 2 жылда атқарылған жүйелі жұмыстар үйлердегі, әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтарындағы өрттер санының айтарлықтай төмендегенін көрсетті», - деді Н. Дербісов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Спикердің айтуынша, 2020-2021 жылдардың өткен жылыту кезеңінде аталған санаттағы үйлерде 19 өрт болса, биылғы жылыту кезеңінде Нұр-Сұлтан қаласында бір өрт тіркелді.
«Жеке тұрғын үйлерде улы газ датчиктерін орнату жалғасуда, бүгінгі күні республика бойынша жеке үйлерде 14 594 датчик орнатылды, оның ішінде табиғи газ – 7 756, улы газ – 6 703 және түтін датчиктерінің саны – 135. Соңғы 3 жылда әкімдіктер мен демеушілер есебінен 135 мыңнан астам автономды датчиктер орнатылды. Осы жұмыстың тікелей нәтижесі – өткен жылыту кезеңдерінде 140 азаматтың өмірі мен денсаулығын құтқарған 36 датчиктің іске қосылуы болды», - деп түсіндірді комитет төрағасы.
Мысалы, 2020-2021 жылдары жылыту кезеңінде 4 жағдайда үй-жайдағы улы газды анықтайтын датчик іске қосылып, соның арқасында 15 адам қатты улану мен өлімнен аман қалды.
«Қабылданған шаралар мен оң динамикаға қарамастан, тұрғын үй секторында улы газбен улану әлі де тіркеледі. Қазіргі уақытта улы газбен уланудан қаза 1 болып, 11 адам жарақат алды. Жылыту маусымы басталғалы улы газдан қаза тапқандардың 4 есеге, жарақаттанғандардың 60%-ға төмендегені байқалады», - деді Нұрболат Дербісов.
Бұған дейін спикер жыл басынан бері Қазақстанда 9 мыңнан астам өрт болып, 300-ге жуық адам қаза тапқанын баяндаған еді.