Ұлы Отан соғысы ардагерлерін өмір бойы коммуналдық төлемдерден босату керек - Ғ. Қасымов
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдаған сенатор Ғани Қасымов осылай мәлім етті.
«Бүгінгі күні Қазақстанда Ұлы Отан соғысының ардагерлері, соғысқа қатысушылардың саны күн санап кеміп барады. Сондықтан да, мен жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысымен кездесу барысында осы мәселені көтерген едім. Онда майдангерлердің барлығын коммуналдық төлемдерден босатуды сұрағанмын. Олар мұндай төлемнен өмір бойы босатылса игі», - деді сенатор.
Сондай-ақ депутат ардагерлерге медициналық көмектің кепілдендірілген түрінен бөлек, толық ауқымда жүргізілуі тиістігін атап көрсетті. «Ардагерлердің денсаулығына қатысты кез келген медициналық көмек, оның ішінде операциялық шығындардың барлығы бюджеттен қамтылғаны дұрыс», - деді Ғ. Қасымов.