Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету жалпымемлекеттік ауқымдағы мақсат - Г.Әбдіқалықова
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығын мерекелеуге дайындық мәселелері жөніндегі жиналыс өтті.
«Қазіргі кезде елімізде 3886 соғысқа қатысушы мен соғыс мүгедектері, 22 мыңнан астам соғысқа қатысушыларға теңестірілген азаматтар бар. Оларға жыл сайын құрмет көрсетіледі. Осыған орай біз бүгін мемлекеттік органдардың қандай шаралар әзірлеп жатқандығын тыңдайтын боламыз», - деді жиналысты ашқан Мемлекеттік хатшы.
Г.Әбдіқалықова фашизмді жеңу ісіне зор үлес қосқан және тарихи миссияны орындаған Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, қазақстандықтарға құрмет көрсету жалпымемлекеттік ауқымдағы мақсат екендігін атап өтті.
Сонымен қатар, ол өткізілетін барлық іс-шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өтуі қажеттігі және еліміздің қоғамдық-саяси тұрақтылығын қамтамасыз етуге, Мемлекет басшысының саясаты аясында қоғамды біріктіруге, жас ұрпақтың патриоттық сезімін нығайтуға бағытталуы керек екендігін ерекше атап өтті.
Жиналыс соңында Г.Әбдіқалықова мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.