Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне еліміздің бірнеше ірі қалаларында классикалық музыкадан қайырымдылық концерттер өтеді

АЛМАТЫ. 5 мамыр. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - 6 мамырдан бастап, «Дегдар» гуманитарлық қоры, «JTI» компаниясының қолдауымен еліміздің бес қаласында -
None
None

Астана, Алматы, Талдықорған, Шымкент және Қарағанды қалаларында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне классикалық музыкадан қайырымдылық концерттер өткізеді. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында аталмыш шараның ұйымдастырушылары мәлім етті.

«Шара Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған. Акция «Ұрпақтар сабақтастығы" деп аталады. Оның атауы шараның идеясын білдіреді деп айтсам болады. Яғни, мақсатымыз - әскери жылдардың қиындықтарын бастан өткерген ардагерлер мен жас буын арасында рухани байланыс орнату болып табылады. Мәдени шараларды ұйымдастырумен қатар, қайырымдылық акция ардагерлерге материалдық жағынан да қолдау көрсетуді мақсат етіп отыр. Концерттер өткізілетін әр қалада барлық ардагерлерге арнайы дайындалған сыйлықтар табысталатын болады, ал концертке шақыртулар алдын-ала жіберіледі. Ардагерлер музыканың ғажайып әуендерін елдің ең үздік деген концерт залдарында тыңдайтын болады», - деді «Дегдар» гуманитарлық қорының атқарушы директоры Лаура Ахметова. Оның айтуынша, акция барлық ардагерлерге ерлігі мен қаһармандығы үшін алғыс білдіруге, жасы келген адамдарды әлеуметтік және мәдени шараларға қатыстыруға және барша өнер сүйер қауымды жоғары өнер түріне қолжетімді етуге мүмкіндік бермек.

«Біз осы сынды қайырымдылық шараларды жыл бойы атқарамыз. Мәселен, өткен жылы қайырымдылық шараларға шамамен 20 мың АҚШ долларын бөлдік. Ұлы Отан соғысы ардагерлерін қолдауға арналған жобалар біздің компания үшін үлкен маңызға ие. Жылдан жылға олардың саны азаюда, сондықтан ардагерлерге ерекше көңіл бөлеміз. Тіпті, ол біздің, баршамыздың парызымыз деп айтсам болады. Жарқын өмір сыйлаған олар қандай да болсын құрметке лайық», - деп атап өтті акцияның бас демеушісі, «JTI Қазақстан» компаниясының Бас директоры Тассос Ситсас. Оның айтуынша, компания жасы ұлғайған қарт адамдарға, мүгедек жандарға да ерекше көңіл аударады. «Биыл 6 жалғыз басты қарттардың үйлерін күрделі жөндеуден өткіздік, жыл соңына дейін 18 пәтерді жөндемекпіз. Материалдық көмекті жыл бойы көрсетіп келеміз. Жыл сайын ардагерлерге салтанатты дастархан жайып, құрмет көрсетеміз. Биыл да бұл шара өткізілетін болады», - деді ол.

Концертте Қазақстан классикалық сахнасының жұлдыздары - Қазақстан халық әртісі Гауһар Мырзабекова (скрипка) және ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тимур Орманшиев (фортепиано), "Қазақстан камератасы" оркестрі өнер көрсететін болады. Концерт бағдарламасы қызықты да, әртүрлі болмақ. Өнер шеберлерінің орындауында классикалық әуендермен қатар, испан, румын, қазақ әуендері және әлемге танымал музыкалар орындалмақ.

Акция барысында Гауһар Мырзабекова және Тимур Орманшиев бес қаладағы музыкалық оқу орындарының оқушылары үшін шеберлік сыныптар мен шығармашылық кездесулер ұйымдастыратын болады. Осылайша, музыкалық элитаның жарқын өкілдері жастармен шығармашылық тәжірибемен, білімімен, дүниетанымымен бөліспек. Бұл кездесулерге елдің шығармашылық жоғары оқуы орындарының студенттері, жалпы барша музыка сүйер қауым қатыса алады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ардагерлерді үйінен концерт залына дейін жеткізуге арнайы көліктер қарастырылған.

Алғашқы концерт ертең, 6 мамыр күні Талдықорған қаласында өтеді, 17 мамыр күні - Шымкентте, 21 мамыр күні - Алматыда, 3 мамыр күні - Қарағанды қаласында өткізіледі. Қорытынды концерт Астана қаласының Президенттік мәдени орталығында 24 мамырда өтпек.

Соңғы жаңалықтар