06:02, 22 Сәуір 2014 | GMT +5
Ұлы Отан соғысы жылдарында 500 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысы жылдарында республикада 12 атқыштар, 4 ұлттық кавалериялық дивизиялар, 7 бригада, 50 полк құрылды. Майданға барлығы 1,2 млн. қазақстандық немесе республиканың әрбір алтыншы тұрғыны жұмылдырылды, олардың 640 мыңы, яғни жартысынан астамы ұрыс даласында қаза болды.
Соғыс жылдарында 500 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды, олардың 100-ден астамы Даңқ орденінің толық кавалері атанды, 4-уі Батыр атағын екі мәрте иеленді. Бұл - Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов және Сергей Луганский.
Біздің бәріміз үшін Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Төлеген Тоқтаров, Нұркен Әбдіров және басқа да ержүрек жауынгерлеріміздің есімі қасиетті және мәңгі ұмытылмайды.
Қазақстанның даңқты ұлдары мен қыздары Мәскеу мен Ленинградты қорғауға, Сталинград түбіндегі, Курск иініндегі, Днепрді алудағы шайқастарға, Украинаны, Беларусьті, Молдованы, Балтық елдерін және Еуропаны азат етуге қатысты. Олар Рейхстаг төбесіне Жеңіс жалауын тігуге де қатысты.