Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қазақстандықтардың рухына тағзым етуге арналған 32 күндік автошеру аяқталды

АЛМАТЫ. Тамыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Қазақстандық «Жалғас», «Ақпараттық бастама» қоғамдық ұйымдарының бастамасымен ұйымдастырылған «Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандықтар ізімен» атты автошеру аяқталды.

 Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қазақстандықтардың рухына тағзым етуге арналған 32 күндік автошеру аяқталды

Бұл туралы бүгін Алматыда ұйымдастырушылар айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жоба жетекшісі Михаил Тюниннің айтуынша, 32 күнге созылған автошеруге қатысушылар Алматы-Балқаш-Қостанай-Челябі- Уфа-Самара-Волоколамск-Великие Луки-Новосокольники-Невель-Минск бағытымен 12220 шақырым жүріп өткен. «Шараның негізгі мақсаты - Ұлы Отан соғысында қаза болғандар зиратына гүл қою, Ресей мен Беларустың әскери-патриоттық клубтарымен кездесу, қазақстандықтар туралы көрме ұйымдастыру, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы туралы деректер жинау. Шеруді ұйымдастыру мақсатымыз орындалды. Барлық бағытты еш кедергісіз жүріп өттік. Ардагерлермен кездесіп, Мәншүк Мәметованың, Әлия Молдағұлованың, Леонид Беданың басына тағзым еттік. Шеру барысында барлығы 13 шара өткізілді, дейді М.Тюнин.

Шараның жүзеге асуына ҚР Мәдениет министрлігі, Қазақстанның Ресейдегі, Беларустағы Елшілігі, Kcell компаниясы қолдау білдірген. Шеруді ұйымдастырушылардың айтуынш, Ұлы Отан соғысына қатысушы отандастарымызды дәріптеу шаралары жалғасады. «Қазан айында бірнеше шара өткіземіз», дейді М.Тюнин.