Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердiң жесiрлерi бiржолғы материалдық көмекке iлiктi
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ардагерлерге бiржолдық материалдық көмек көрсету мақсатында республикалық бюджеттен 5 млрд. 800 млн. теңгеге жуық қаражат қарастырылып отыр.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму вице-министрi Светлана Жақыпова мәлiм еттi.
«Ардагерлерге бiржолдық материалдық көмек көрсету мақсатында республикалық бюджеттен 5 млрд. 800 млн. теңгеге жуық қаражат қарастырылды. Осы мамыр-маусым айларында бiржолдық өтемақылар төленедi. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне 100 мың теңге, оларға теңестiрiлген азаматтарға 70 мың теңге, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердiң екiншi рет некеге отырмаған жесiрлерiне 30 мың теңге, ал бейбiтшiлiк уақытында қайтыс болған ардагерлердiң әйелдерiне, олардың саны 10 мыңнан асады, 25 мың теңгеден төленедi. Тылда еңбек жасап, жеңiске үлес қосқан азаматтарға 25 мың теңгеден берiледi. 6 мамырдан бастап, астанамызға 270 ардагерiмiз келедi. Олармен бiрге 80 адам бiрге қосылып келедi», - деп атап өттi вице-министр орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте. Оның үстiне, С. Жақыпованың сөзiне қарағанда, жергiлiктi әкiмдiктер де ардагерлерге 100 мыңнан 1 млн. 100 мың теңгеге дейiн бiржолғы ақшалай қаражат берудi жоспарлауда.