ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ БАТЫРЛАРЫ: Орман Түктібаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ҚазАқпарат ХАА сұрапыл соғыс жылдарында өз Отанын фашистік басқыншылардан аман алып қалған біртуар батырлар туралы материалдар жариялайды.
Орман Түктібаев (Үрмәш) 1917 жылы 17 қарашада Қызылорда облысы Қазалы ауданы Түктібаев ауылында дүниеге келген.
Кеңес әскері қатарына Қазалы ауданы әскери комиссариатынан шақырылған (17.8.1941). 2-Прибалтика майданы 3-екпінді армия 391-атқыштар дивизиясы 1280-атқыштар полкі құрамында Ұлы Отан соғысына қатысқан.
1944 жылы 20 шілдеде Перелидер. (Латвия, Лудза ауданы) үшін ұрыста атыс позициясына бекінген Түктібаев қарсы шабуылға шыққан жауды атқылай бастады. Түктібаев тайсалмастан жаудың 20 әскерімен жеке айқасқа түсті. Осы шайқаста Түктібаев жаудың бірнеше әскерін жойып, ерлікпен қаза тапты (20.7. 1944, Латвия, Лудза ауданы Нерзкое дер.).
Түктібаевқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді (24.3.1945). Туған жерінде Түктібаев есімімен аталатын ауылда ескерткіш орнатылған. Қазалы ауданының Бекарыстан би атындағы орта мектепке Түктібаев есімі берілген. Ленин, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, медальдармен марапатталған.