ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ БАТЫРЛАРЫ: Шәкенов Кенжебек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ҚазАқпарат ХАА сұрапыл соғыс жылдарында өз Отанын фашистік басқыншылардан аман алып қалған біртуар батырлар туралы материалдар жариялайды. Сондай батырлардың бірі - Шәкенов Кенжебек.
1924 жылы бұрынғы Семей облысының Жарма ауданында дүниеге келген.
Майданда 1943 жылдың тамыз айынан бастап болған.
184-гвардиялық атқыштар полкінің автоматшысы, гвардияның қатардағы жауынгері К. Шәкенов 1943 жылдың қыркүйек айында алғашқылардың қатарында Днепр өзенінен Днепропетровск облысы Мишурин Рог ауылының тұсында жүзіп өтті. Жаудың үш шабуылына тойтарыс беріп, дұшпанның 17 солдаты мен офицерін, ірі калибрлі пулеметін жойды. Ленин, 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталған.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 22 ақпандағы Жарлығымен К. Шәкеновке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.