ҰЛЫ ЖЕҢІС: Ардагерлерге тағзым! (фоторепортаж)
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - 69 жыл бойы әлем сұм соғысты естен шығармай келеді... Бейбіт елге қатыгез жаудың қалай баса-көктеп кіргені, қалаларды өртке ораған бомбалар жарылысы, зеңбіректің жан түршіктірер ащы үні, балғын жас жігіттер мен қыздар танкіге қарсы атойлап шығып, окоптарда үсіп қалғаны, Отан үшін жандарын құрбандыққа шалғандары әлі де күні кешегідей көз алдымызда. Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Бұрынғы КСРО-ның жүздеген халқы Еуропаның жартысын шарлап, жауды өз ұясында ойсырата жеңді.
Бұл күн - кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділігінпаш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Ардагерлер де күн санап азайып барады. Олардың бейнесін жадымызда сақтауымыз қажет. Сұрапыл соғыстың сұмдық жағдайларының куәсі болса да, адамдарға деген шексіз мейірімін сақтап, бойларындағы адамгершілік қасиеті терең, адал жүректі жандарды мәңгі үлгі тұта білейік.
Бүгін, Ұлы Жеңіс күнінде барлық ардагерлерге бас иіп, тағзым етейік. Солардың арқасында Жеңіске жеттік, қуаныш, бақытқа бөленіп, тыныштықта өмір сүрудеміз. Бейбіт күннің бізге аналардың жасымен, бабалардың қанымен келгенін ұмытпайық.