Ұлы Жеңіс - асқан қаһармандықпен елге, бірлік пен тұтастыққа қызмет етудің, шынайы патриотизмнің үлгісі - Қазақстан халқы Ассамблеясының құттықтауы

ҚазАқпарат құттықтаудың мәтінін таратады.
Ардақты Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері!
Құрметті отандастар!
Сіздерді Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 68-жылдығымен шын жүректен құттықтаймыз!
Бұл күн тарихта туған жердің бостандығы, келешек ұрпақтың бақытты болашағы жолында қаһармандықпен, ерлікпен, жанқиярлықпен күресудің жарқын белгісі ретінде алтын әріптермен жазулы.
Бұл күні біз Бейбітшілікті, Тәуелсіздікті және өз Отанының бостандығын қорғап қалған батыр ұлдардың алдында бас иіп, рухына тағзым етеміз. Сіздер қайтпас қайсарлықтың арқасында Ұлы Жеңіске жетіп, асқан қаһармандықпен елге, бірлік пен тұтастыққа қызмет етудің, шынайы патриотизмнің үлгісін көрсеттіңіздер.
Бүгінде біз Сіздердің халық жадынан ешқашан өшпейтін, адамзат үшін жасаған баға жетпес ерліктеріңізді мақтан тұтамыз.
Бәріміз үшін қастерлі Жеңіс күні Отанымызға бейбітшілік, баршаңызға мерекелік көңіл күй, отбасыларыңызға бақыт және береке тілейміз!
Ардақты ардагерлер, Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз!
Сіздерге мың алғысІ Жасай беріңіздер, құрметті Жеңімпаздар!
Қазақстан халқы Ассамблеясы
Астана, 2013 ж.