ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ 70 ЖЫЛ: Екі майданның ері И.Құбашев «Халық қаһарманы» атануға әбден лайық, БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Тасқала ауданынан түлеп ұшқан, Ұлы Отан соғысында батырға тән ерлік көрсетумен бірге бейбіт кезеңде алдыңғы қатарлы аға шопандығымен аты шыққан Ибат Құбашевқа (1918-1988) «Халық қаһарманы» атағын берсе де, еш артық емес.

ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ 70 ЖЫЛ: Екі майданның ері И.Құбашев «Халық қаһарманы» атануға әбден лайық, БҚО

Орал қаласында тұратын елге танымал соғыс және еңбек ардагері, полковник, журналист Бисен Жұмағалиевтің баян еткеніндей, Ибат Құбашев Ленинград майданында ерен ерлік көрсе­тті.

- Мен Ибат Құбашевті бірінші рет Ленинградта көрдім, - деп еске алады өзі де Ленинград майданында жауға қарсы соғысқан Б.Жұмағалиев. - Нева даң­­­ғылы, 1944 жылдың жазында бұл жақта болған бірінші ыстық күн еді. Ерсілі-қарсылы ағылған адам­дар. Қала әжептәуір көңілді. Бұрынғыдай атылып, көшеге тү­сіп жат­қан зеңбірек оғы жоқ. Жау қа­­ла тү­бі­нен қыста алыстатылған. Көп адамдардың ішінде омырауы орден-медальдарға толған, орта бойлы, сом денелі, қара то­ры жігіт назарымызды аударды. Жақындап барып, аға сержанттан қай ұлт екенін сұрадық.

- Қазақпын! - деді көтеріңкі дауыспен.

- Ой, бауырым, біз бұрын көр­меген батыр екенсің, мына «Жаз­ғы баққа» аялдап, әңгімелесейік, - деп жабыса кеттік.

- Атым - Ибат, әкем аты - Құ­­баш.

Байқаймын, сөзге сараңдау. Ал барлық орден-медальдарын қалай, не үшін алғаны керек-ақ.

- Қай жерденсіз, соғыста қа­­­шаннансыз?

- ...Мен 1918 жылы Батыс Қазақстан облысының Ка­­­мен (қазіргі Тасқала) ауданында тудым. Әке-ше­­шем жас кезімде қайтып, ағайым Нәси­­дің тәр­биесінде өстім. Әскерге ша­қы­рылғанға дейін кеңшарда комбайншы болдым. Бүкілодақ­тық ауыл шаруашылығы көрмесіне қа­­­­тысып, сыйлық алғанмын. Отан соғысы басталғанда шекарадағы бөлімшеде едім, бірінші күннен ұрысқа кірістік. Алты рет жараландым.

- Сіздің омырауыңызда екі «Даңқ» ордені, үш «Ерлігі үшін» меда­лі жарқырайды. Осылардың әр­қай­сы­сы­ның тарихы бар туралы айтыңызшы?

- Бір ұрыста, - деді Ибат, - Менің бөлімшеме жаудың пулеметі тұр­ған дзотты жою тапсырылды. Түн қараңғы, көзге түртсе көргісіз. Біздер еңбектеп, жау шебіне жыл­жып келеміз. Неміс пулеметі әлсін-әлсін оқ жаудырып қояды. Дзотқа неғұрлым жақындап, әр­қайсымыз 2-3 гранат лақтырып үлгердік. Пулеметтің үні өшті. Барып қарасақ, өлік жатыр. Қайтуға бейімделе бергенімізде, бұған дейін жасырынып отыр­ған тағы бір пулемет оқ жаудыра бастады. Оның үнін өшірмей кетуге болмайтыны анық. Қасыма екі жауынгер алып, қалғандарға біздің қимылымызды бақылауды және дзотқа жақындай беруді тапсырып, пулеметтің сырт жағынан шықтық. Дзотқа оқ жаудыра бастағанымызды байқаған жауынгерлер амбразураға гранаталар жау­дырмасын ба. Қоршаудамыз деп ойлаған төрт фриц шыға қашты. Олардың бәрін тұтқынға алдық. Бірінші награда - «Ерлігі үшін» медалін осы ұрыс үшін алғанмын. Ленинград қоршауын бұзу үшін болған шайқастарда автоматшылар бөлімшесінің командирі едім. Біздің дивизия Пулково жотасы­­­нан шабуыл жасады. Тегеурініміз қат­ты болды, жау шебі ыдырап, олар Красное село қаласына қарай қа­ша бастады. Біз де алға ұмтылдық. Дұшпан оғынан рота командирі опат болды. Ұрыстың қызған кезі болатын. Не істеу керек? Рота командирінің міндетін өзіме алдым да, жауынгерлерді алда кетіп бара жатқан танктерге отырғызып, жауды жа­ғасынан алып, Красное селосына кірдік. Осы ұрыстағы ерлігің үшін, командирдің орнын басып, батыл қимылдап, бастама көрсеткенің және ротаға шебер басшылық еткенің үшін деп жо­ғарғы қолбасшылық үлкен ал­ғыс айтты. Осы ұрыстан кейін мені автоматшылар взводының командирі етіп тағайындады. Жауды өкшелей қуып, Нарва өзеніне дейін жеттік. Осы ұрыстағы еңбегіңнің бағасы деп, генерал ІІ дәрежелі «Даңқ» орденін омырауыма қадады.

Майданда әрбір бөлімнің өз тұ­сындағы жаудың жай-күйін біліп отырғысы келетіні айдан анық. Ол үшін анда-санда тірі «тіл» алмаса тағы болмайды. Сондықтан әр полкте, дивизияда барлау­шылар тобы болады. Оған ең алдымен ержүрек, айлашыл, батыл қимыл жасай алатын, шыныққан жас жігіттер қабылданады. Барлау­шы таза ниетті, адал, қайырымы мол, досы үшін жанын қиятын адам болуы керек. Төзімділік өз алдына. Енді дұшпан траншеясына та­қалып барып, шебер жасырынып, күзетте тұрған фашистің оңа­­ша қалуын күтесің. Ол қа­шан­ға созылады? Бір сағат, екі са­ғат, әйтеуір шыда, қыста тоңа­­сың, бірақ түш­кіруге жәйің жоқ. Не болғанда да, дыбыссыз, тұтқиылдан қимылдау керек. Сәті түсті. Жау солдатын қапыда алып ұрып, үнін шығарт­пай, тек аузын буып үлгересің. Ен­ді ешкімге сездірмей, оны сүй­реп әкету керек. Амал не, еңгезердей фашисті арқаға саласың, өзің тек еңбектеп қана жылжуға мәжбүрсің. Өзің ашқан сым тікенек­терден өтудің машақаты қандай. Осы кездің бәрінде сені жау оғы торып тұрады. Бұның бәрі түн ортасы ауған кезде ғана істеледі. Барлаушылардың алдында «жең­гесі» жоқ, олардың үнемі жолы бола бермейді. Аман оралу, «тіл» алып келу тек өз басыңның емес, бүкіл жауынгер достарыңның қуа­нышы.

Ибат Құбашев 30 «тіл» әкелген. Ал оның әрқайсысын қандай жағ­дайда әкелінгені жөнінде өз аузынан естігенімізді сол 1944 жы­­­лы облыстық «Екпінді құрылыс» (қазіргі «Орал өңірі») газетіне жібергенмін, ол жарияланған. Ленинград майданында қа­зақ­тар көп болды. Ақмола мен Қы­зылжарда құрылған екі дивизия, одан басқа бөлімдерде едәуір қазақ жігіттері болды. Олар өте жақсы соғысты, қай бө­лімге бар­саң да, қазақтар туралы жылы пікір­лер айтылып, майдандық, дивизиялық газеттерде көп жақ­сы мақалалар басы­­лып жатты. Полковник Максим Гордон 1974 жылы «Невский 2: Записки редактора фронтовой газеты» деген кітап шығарды. Көп қазақ жауынгерлердің ерлігі туралы жа­зыпты. Мысалы: «Бесстрашный раз­ветчик И.Кубашев, взявший много «языков», тяжело раненый в бою, он до последного дыхания продолжал вести огонь по врагу». Бұл ақпарат сол кезде газеттер­­ге де жазылған. Құдай сақтағанда, өте ауыр жараланса да, тірі қалыпты. Бұл да ерлік!

Ибат Құбашев жауынгерлік ал­т­ы орденнің, үш медальдің («Ерлігі үшін») иегері. Мұндай көп на­града өте сирек кездеседі. Ашығын айтқанда, бұл жауынгердің май­­­­­­­дандағы ерлігі лайықты бағаланбаған. «Даңқ» орденінің мәртебесі бойынша, екінші дәрежесінен ке­йін ерлігі үшін міндетті түрде бірінші дәрежесін беру қажет. Ал Құбашев екінші дәрежелі «Даңқ» орденінен кейін үш «Қызыл Жұл­дыз» орденін алыпты. Бұл жерде ұқыпсыздық емес, қызғаныш басым болған сияқты. Майдандас ағаның сүйсінерлік ісіне толғана отырып, Ленинград жеңісінің 40 жылдығына орай ол туралы қалам тартуды парызым деп ойладым. «Орал өңірі» газеті­не қолымдағы суретімді қоса мақала жолдадым, ол жарық көрді.

Ибаттың өзіне жас кезінің кө­рі­нісі елестесін деп, фотосын үл­кен форматпен қайта түсі­ріп, оны жібердім. Қырық жыл көр­ме­ген Ибаттан хат келді. «Мен соғыста үш «Қызыл Жұл­дыз», екі «Даңқ» (ІІІ, ІІ дәре­желі), үш «Ерлігі үшін» медальдарымен наградталған едім. Қиыр Шығыс­та Жапонияға қарсы ұрыстарда жүргенімде солардың біразын жо­­ғалтып алдым. Бір өзеннен өткенде суға кетті. Жоғалған наградаларымды қай­та алуға болмас па екен деп көп жерлерге хат та жаздым. Ең соң­ғы хатыма Қорғаныс ми­нистр­лігінің кадрлар жөніндегі бас басқарма­сы бастығының орын­­ба­сары, ге­не­рал В.Барышев «Кемін­де 2-3 қан­­­­­­дыкөйлек жауынгер жолдасың куә болса, қаралар еді» деп жа­уап жіберіпті. Мен полктестерден ешкіммен байланысым жоқ адаммын. Осы жоғалған на­­­градала­­­­рым­ды қайта алуыма көмектесе көр», делінген екен онда.

Айта кететін бір жай, ІІ дәреже­лі «Даңқ» орденінің нөмірі 74 екен. Сонымен Құбашев Одақ кө­ле­мін­де осы жоғары награда ал­ған жет­піс төртінші кісі болып шық­ты. Майдандас жауынгерге ордендері мен медальдарын қайтып а­лу­ға қалай көмектесуді ойлап, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы­ның хатшысы Т.Ментешаш­ви­ли­ге хат жолдадым. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1984 жыл­­­­дың 15 қазандағы қаулысы бойын­ша Ибат Құбашевке жоғалт­қан на­градалары қайтарылды. «Бүгін аудан орталығына барып, бір «Қызыл Жұлдыз», ІІ және ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерін, үш «Ерлігі үшін» медалін қайтадан омырауыма тақтым. Саған рахмет!» деп хат жазыпты.

Майданнан үлкен абырой-атақ­пен оралған Ибат Құбашев бірден ең­бек­ке кіріскен. Кеңшарда 30 жыл қой баққан ол 1950-1972 жылдар ара­­­­­­сында әрбір жүз саулықтан 115-120 қозыдан кем алмаған. Ал то­­ғызыншы бесжылдықта әр жүз саулықтан 135-140, ал оныншы бесжылдықтың алғашқы екі жылында 150 қозы, үшінші жылында 160 қозы алыпты. Рекорд! Осы ерен еңбегіне бір рет қана Еңбек Қызыл Ту орденін алған. 1979 жылы СОКП Орталық Комите­ті­нің, КСРО Министрлер кеңесінің қаулысымен Тасқала ауданы­ның Қазақ ССР-ның 40 жылдығы атындағы кеңшарының аға шо­па­­ны Ибат Құбашев еңбектегі аса үздік жетістіктері үшін КСРО Мем­­лекет­­тік сыйлығының лауреаты атанды.

«Осындай биік көрсеткішті қы­рық жылдан астам уақытта қайталап отырған Құбашев шын мә­нінде Социалистік Еңбек Ері атағына ла­­йық емес пе еді? Алапат соғыстағы алты рет қан төгіп, көрсеткен ерлігін де, бейбіт өмірдегі жанқиярлық еңбегін де шындап бағалау керек. Ибат Құ­ба­шевке «Халық қаһар­ма­ны» ата­ғын Жеңістің 70 жыл­ды­­ғын той­лаудың кезінде берсе, ұр­­пақ­­қа ұлағат болар еді», деп түйіндеді ойын майдангер Б.Жұмағалиев.