ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ 70 ЖЫЛ: Рейхстагты алған жауынгер

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл - Жеңістің 70 жылдығы! Мерекелік шараны өткізуге ТМД-ға кіретін мемлекеттер мен Еуропаның бірнеше елдері дайындыққа кірісіп кетті.
None
None

9 мамыр күні елорда да әскери шеру өтсе, еліміздің өзге аймақтарында Жеңіс күніне арналып, түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Салтанатты шараға республикамыздағы көзі тірі соғыс ардагерлері құрметті қонақ болмақ. 9 мамыр күні Мәскеудегі Қызыл алаңда Жеңістің 70 жылдығына арналып, үлкен әскери шеру өтеді. Бұл мерекелік думанға Қазақстан Республикасының соғыс ардагерлері де шақырылған. Фашизммен қарсы соғысқа Оңтүстік Қазақстан облысынан 140 мыңнан астам азамат аттанды. Қан майданға қатысқан оңтүстікқазақстандық жауынгерлердің рухына мәңгілік тағзым ретінде өңір басшысының бастамасымен Шымкент шаһарындағы Абай саябағында Даңқ мемориалы салынды. Сол Даңқ мемориалында Мақтаарал ауданына қатысқан майдангерлердің де аты-жөні жазылған. Ақ мәрмәр тасқа ойып жазылған есімдердің арасында әкеміз Қабыл Махамбеттің де есімі тұр, деп Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі Айтбай Махамбет«Айқын» газетіне жазады.

«Батыр бабаларымыздың ерлігі мен қаhармандық рухы жас ұрпақтың мәңгі есінде. Қазақ елі Ресей құрамына кіргеннен бері қазақ азаматтары бірнеше соғыстарға қатысқан. Атап айтсақ, 1812 жылғы Бірінші Отан соғысынан бастап, 1914 жылғы Ресей-Герман бірінші дүниежүзілік соғыс, 1916 жылы Азамат соғысы, 1917 жылғы ақпан-қазан революциясы, 1939 жылы Финляндиямен, 1941-1945 жылдары неміс басқыншыларымен, 1979 жылы интернационалдық Ауған соғысында, 1945 жылы Жапон милитаристерімен болған соғыстарда жанқиярлық батылдық көрсетті. Сонымен бірге, болашақ Кеңес Одағының құрылуына бірден-бір себепкер болды. Бұл соғыстардың бәріне өрімдей жастар аттанды. Елге оралған жоқ. Көбісі майдан даласында қыршынынан қиылды. Ана сүті аузынан кетпеген жеткіншектер ерте жұмысқа араласты. Қызғалдақтай қыздардың тағдыры ерте солды. Жаңа тұрмыс құрған келіншектер ерте жесір атанды. Бұл - Қазақ елінің біртұтас ел болып қалыптасуына, өсіп-өнуіне зардабын тигізді. Осы тұста Елбасының бір айтқан сөзі еске түседі: «Бүгінгі бейбіт өміріміз бен біртұтас елдігіміз - аға ұрпақ өкілдерінің жанқияр ерлігі мен еңбегінің қайсар рухының жемісі. Ұлы Отан соғысындағы жеңіс - халықтың өшпес ерлігі, егер біз 50 жыл тыныш өмір сүрсек, біздің ел өсіп-өніп, әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып, білімді жастар көбейіп, біз алдыңғы қатарлы экономикасы өркендеген 50 елдің құрамына қіреміз деген үмітіміз ойдағыдай орындалады».

Махамбет Қабыл 1924 жылы 10 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы Келес ауданы Назарбек ауылында дүниеге келген. Білімі - 9 класты бітірген. 1956 жылдан Кеңес Одағы комунистік партия мүшесі. Атадан бір ұл, бір қыз. Заманның қиын-қыстау уақытында Қабыл ата 5 жасында, қарындасы 3 жасында әке-шешеден ерте айрылады. Содан Омар деген атамыздың, әкесінің жақын туысқанының қамқорлығында болған. Жастайынан көп қайғы мен қиындық қөріп, қарындасына қамқор болады. 1947 жылы Қабыл ата соғыстан оралғанда, қарындасының ауырып, дүниеден өткенін естіп қатты қай­ғырған. Қабыл ата - Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері. 1941 жылы қазан айында Назарбек ауылынан Ташкентке кино көруге барған кезінде, оларды клубта әскерлер қоршап алып, Ташкент шаhары соғыс коммисариатына алып келіп, алғашқы әскери дайындықтан өткізеді. 1942 жылдың қаңтарында Сталинград майданына №296 атқыштар полкіне жіберіліп, осы полкте әскери ант қабылдаған. Содан кейін №226, 282, 298,1192 атқыштар полктерінде, атқыш есебінде әскери қызметін өтеген. Атқыштар гвардиясының аға сержанты.

Фашизммен соғысы кезінде Сталинград қаласын жаудан азат ету үшін, оқтан және оттан қорықпай, өзінің әскері жауынгерлерімен бірге қаланы неміс басқыншыларынан тазартуға тікелей қатысады. 1,2 Украина және Беларусь майданындағы соғыстарға, Украина, Беларуссия, Польша, Чехославакия, Германия елдерін жаудан азат етуге қатысады. 1945 жылы 9 мамырда Берлин қаласындағы Рейхстагты алу операциясы кезіндегі шайқаста екі аяғынан жараланып, 9 мамыр - Жеңіс күнін Берлин қаласындағы госпитальда қарсы алған. Соғыс аяқталып, әскери қызметін 1947 жылы наурыз айының 3 жұлдызында Кеңес Одағының Жоғарғы кеңесінің 1947 жылы ақпанның 4 жұлдызындағы үкімімен Польша елінде аяқтаған. Қабыл ата елге аман-есен оралып, 1947 жылы наурыздың 20 жұлдызында, қазіргі Қазығұрт (бұрынғы Қаратас) ауданы әскери коммисариатына есепке тұрады. Соғыс жылдары Сталинград, Киев, Минск, Варшава, Берлин қалаларын жаудан тазартудағы көрсеткен ерлігі үшін медальдарымен марапатталды. Соғыстан кейін Жеңістің 20, 25, 30 жыл медаліне ие болды. Ауыл жастарына әскери патриоттық тәрбие беру саласында елеулі үлес қосқан азамат.

1947 жылы соғыстан аман-есен оралып, отбасын құрып, жұбайы Айша Әбдиева екеуі 6 ұл, 6 қыз тәрбиелеген. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға кондырып, қазіргі таңда 36 немере, 48 шөбересі бар. Қабыл атаны Алла өзі сақтаған, себебі атадан жалғыз ұл, алда қанды майдан не болары белгісіз қым-қуыт заманда, өрттен аман-есен елге оралуының өзі үлкен ерлік еді. Жалғыз ұлдан тараған ұрпақ үлкен әулетке айналды. 1948 жылы қазіргі Мақтаарал ауданына көшіп келіп, еңбек жолын Молотов, Киров колхоздарында сушы, Жетісай совхозында бригадир, бөлімше су мұрабы, сонымен қатар осы аудандағы тұтынушылар қоғамында сауда қызметкері болып жұмыс істеген. Қазақстан Республикасы Тұтынушылар одағының үздік қызметкері. Мырзашөл өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға елеулі қосқан азамат. 1984 жылы зейнеткерлікке шықты. 6 жыл соғыс майданында, 37 жыл еңбек майданында үздіксіз халқына адал қызмет етті. Атамыз өзі қарапайым, адал, шыншыл, батыл сөйлейтін, халқын-елін сүйетін, еліне кіршіксіз таза еңбек еткен азамат, 1984 жылы қарашаның 24 жұлдызында 60-қа қараған шағында өмірден өтті. Әкеміздің бұл дүниеден өткеніне 21 жыл болса да, әлі күнге бейнесі көз алдымыздан кетпейді.

Жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында әкеміз Қабыл Махамбеттің үлгілі істерін, жанқиярлық ерлігін еске ала отырып, оны бүгінгі жастарға үлгі-өнеге етіп көрсету - біздің міндетіміз және балалық парызымыз, 9 мамыр күні Жеңістің 70 жылдығына байланысты Мақтаарал ауданы Қазыбек би ауылдық огругіндегі әкеміздің ескі шаңырағында арнайы ас беріп, әруағына Құран бағыштамақпыз», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар