ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ 70 ЖЫЛ: Жеңіске жетер алдында қаза тапқан майдангер Қасым Ахметов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен қазақ жауынгерлерінің бірі Қасым Ахметов Жеңіске санаулы күндер қалғанда жаумен шайқасып жүріп ажал құшты.

ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ 70 ЖЫЛ: Жеңіске жетер алдында қаза тапқан майдангер Қасым Ахметов

Қасым Ахметов Қостанай облысының Меңдіғара ауданының Төлеңгіт ауылында 1917 жылы туған, 1939 жылдың қыркүйегінде армия қатарына алынды. Ол Злотоустағы әскери бөлімшеде әскери дайындықтан өткеннен кейін Фин соғысына қатысты, кейін Ұлы Отан үшін майданда шайқасты.

Мұрағат мәліметтері әскери қызметшінің көптеген шабуылды ұрыстарда ерлікпен шайқасқанын, бірнеше мәрте өзінің қарулас жолдастарымен жау қоршауында қалғанын растады.

1943 жылдың шілде айындағы осындай ұрыстардың бірінде қарша бораған артиллерия мен зеңбірек оғы астынан ол бірінші болып тұрып «Отан үшін», «Сталин үшін» деген ұранмен ротаны рухтандырып шабуылға шықты. Өзінің батырлығымен Қ.Ахметов неміс топтарын талқандауға және барлық шабуылды операцияларды үдетуге ықпал етті.

Ұрыстарда көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін кіші сержант Қасым Ахметов І дәрежелі «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз», ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен наградталған. 1943 жылдың желтоқсан айында 41 атқыштар дивизионы 244 атқыштар полкі екінші атқыштар ротасының бөлімше командирі лауазымындағы жауынгерді Кеңестер Одағының батыры атағына ұсынған еді.

1945 жылдың 16 сәуіріндегі шайқаста, Жеңіс күніне үш аптадан сәл артық уақыт қалғанда 1945 жылдың сәуірінде автоматшылар взводының командирі болған жауынгер Берлин түбіндегі ұрыстардың бірінде қаза тапты. Ол Германиядағы Бранденбург жерінде Одередегі Франкфурт округында Лебус елді мекенінде жерленді.